Жетісу облысының Сарқан ауданында сыныптастар арасындағы жанжалдан кейін 8-сынып оқушысы көз жұмды. Қазіргі уақытта полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Алмалы ауылында сабақтан кейін болған. Полицияның хабарлауынша, оқушылар арасында жанжал туындап, соның салдарынан жасөспірімдердің бірі дене жарақатын алып, кейін қайтыс болған.
«Кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, заңды өкілдерімен бірге полицияға жеткізілген.
Сонымен қатар білім беру ұйымы қызметкерлерінің балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамауы фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалған.
Полиция департаментінің мәліметінше, тергеу облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында.
Құқық қорғау органдары оқиғаның өзге мән-жайларын, соның ішінде жанжалдың себебі мен ықтимал уәжін әзірге жариялаған жоқ. Тергеу Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жүргізіліп жатыр.