Алматыда «Әділет» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының кезектен тыс IX есеп беру конференциясы өтті, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Жиында филиалдың атқарған жұмыстары қорытындыланып, жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, жаңа бастамаларды қолдау және алдағы кезеңдегі қызметтің басым бағыттары талқыланды.
Конференцияны Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров ашты. Жиынға 80 делегат, сондай-ақ депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, жастар және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен жастар қанатының белсенділері қатысты.
«Бүгінгі конференция – атқарылған жұмыстарды саралап, қол жеткізілген нәтижелерге баға беретін маңызды алаң. Өткен кезеңде жастар қанаты қоғамдық бастамаларды жүзеге асыруға, жастардың белсенділігін арттыруға және олардың әлеуетін ашуға бағытталған жұмыстар жүргізді. Ендігі міндет – жинақталған тәжірибені тиімді пайдаланып, басталған жобаларды жүйелі түрде жалғастыру. Біз үшін ең маңыздысы – жастардың ұсыныстары нақты істерге ұласып, қала өміріне оң өзгерістер әкелуі», – деді Станислав Канкуров.

Есепті кезеңде «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалы бірқатар қоғамдық жобаларды жүзеге асырып, жастардың белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. «Таза Қазақстан», «Ардагерлерді ардақтайық», «Қауіпсіз қала», «Вандализмге жол жоқ», «Тарихқа тағзым» және «Кел, шай ішейік» жобалары аясында 116 іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 35 жоғары оқу орны мен колледжбен меморандум жасалып, жастар ұйымдарының бастауыш құрылымдарының саны 44-ке жеткізілді. «Чемпиондық рух» спорттық жобасы екі рет өткізіліп, 2 мыңға жуық қатысушыны қамтыды.
2026 жылы жаңа Конституцияны қабылдау үдерісіне байланысты «Әділет» партиясының жастары Алматы қаласының барлық аудандарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастардың азаматтық және саяси сауаттылығын арттыруға бағытталған 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырды. Сонымен қатар, «Менің тілім – менің елім» жобасы аясындағы «Soile» қазақ тілі клубы тұрақты жұмысын жалғастырып, мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жобалар жүзеге асырылды.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Дидарбек Ділдәбек онлайн форматта қатысып, жастардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлі мен азаматтық белсенділігінің маңыздылығына тоқталды. Жиында жастар бастамаларын дамыту, білім беру ұйымдарымен және қоғамдық бірлестіктермен өзара байланысты нығайту мәселелері қаралды.
Конференция барысында қалалық филиалдың ұйымдастырушылық мәселелері де қаралып, делегаттардың дауыс беру нәтижесінде бұған дейін «Әділет» партиясының Алмалы аудандық филиалын басқарған Айдар Күнтубай «Жастар Рухы» жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.

Жастар қанатының алдағы жұмыс бағыттарын талқылауға «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек және «Jaidarman» Алматы қалалық филиалының директоры Оңдасын Құлымбетов қатысты.
Конференция қорытындысында атқарылған жұмыстарға баға беріліп, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды. Басым бағыттар қатарында жастар бастамаларын жүйелі қолдау, қоғамдық белсенділікті арттыру және алматылық жастарды әлеуметтік маңызы бар жобаларға кеңінен тарту мәселелері белгіленді.