$ 472.31
 543.72
 5.86

«Жыныс мүшесі қарайып кеткен»: Алматыда 5 жасар бала сүндеттелген кейін зәр шығара алмай қалған

Редактор
03.04.2026, 10:40
Фото: ernur.kz
Фото: ernur.kz
Айтуынша, аутизммен ауыратын ұлына сүндеттеу кезінде рұқсат етілмеген наркоз салған. 

Алматыда дәрігердің кесірінен бес жастағы бала жыныс мүшесін зақымдап алды. Аутизммен ауыратын баланы жеке клиникада сүндеттеген, деп хабарлайды bairaqmedia.kz KTK арнасына сілтеме жасап.

Ата-анасының айтуынша, хирург жеткіншекке тыйым салынған наркоз қолданған. Арада үш күн өткен соң, мүшесі аяқ астынан қарайып кеткен. Солайша бала ауруханаға жатқызылған. Ал ота жасаған хирург «дұрыс күтім жасамаған» деп, баланың ата-анасын кінәлап отыр.
Дастан Бейсенов баласын мұсылман қыламын деп, мүшесіз қалдыра жаздаған дәрігерлерді жазалай алмай жүр.

Айтуынша, аутизммен ауыратын ұлына сүндеттеу кезінде рұқсат етілмеген наркоз салған. Арада бірнеше күн өткен соң, баланың жыныс мүшесі қарайып кеткен. Дереу клиникаға қайта жүгінген кезде, ондағы мамандар емдеуден бас тартыпты.

Дастан Бейсенов, әкесі: «Ол мүшесін кесе алмай қойдым дейді. Терісі жабысып қалған. Бүкіл терісін сыдырған ғой. Наркозбен ұйықтатып, былай қинап, содан бір сағат жүрген. Қазір каналының ортасынан зәр шығарады. Сонда енді шындықты қай жерден іздейміз?  Баланың қазір тағдыры шешілді. Ешқандай дамытатын мүмкіндік жоқ» 

Оқиғадан соң бес жастағы Омар балалар емханасында бір айдан аса уақыт емделген. Қазір жағдайы қалыпты. Бірақ кіші дәрет қысқанда, зәр шығара алмай, біраз қиналады, дейді әкесі. Сәтсіз жасалған ота жеке медициналық мекемеде өткізілген. Қазір есігі жабық тұр.

Арыз жазамын деген ата-ананың сөзінен сескенді ме, әлде жазадан жалтарғысы келді ме, әйтеуір бұл оқиғадан соң орталық жұмысын тоқтатқан. Дегенмен баланың әкесінің айтуынша, сүндеттеген дәрігер қазір басқа жерде жұмыс істеп жүр. Дәрігер бұл оқиғаны телефон арқылы ғана түсіндірді.

Жиырма жыл тәжірибесі бар маман осы күнге дейін мыңдаған баланы сүндеттегенін, өз тарапынан қателік кетуі мүмкін емес екенін айтты. Керісінше, жеткіншектің мұндай жағдайға ұшырауы «дұрыс күтім жасалмағаннан» деп, баланың ата-анасын кінәлады.

Жәнібек Туғанбаев, хирург:  «Сүндетке отырғызғаннан кейін баланы қақаған аязда өз аяғымен алып әкеп жүрді ме, мопедпен алып келіп жүрді. Ол да әсер етеді. Марганецке салғаны да әсер етеді. Бұл жақта шыны керек, түсініксіз жағдай. Айналып келгенде, дәрігердің дұрыс жасамағаны деп отыр. Ол жақта жасайтын ештеңкесі жоқ. 15-20 минут жұмыс қой. Әрқашан да, күнделікті жасап жатқан сүндет. Бірақ, мынандай жағдай, тап осы баламен болған жағдайды өз басым 20 жылда бірінші рет көріп отырмын» 

Баланың туғандары клиникадан ем кезіндегі кеткен шығынды толық өтеп берсін деп талап етіп отыр. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазған. Ондағылар жақын уақытта арнайы комиссия құрып, тексеруге кірісетінін айтыпты.