Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы мен Ресей мемлекеттік кітапханасы арасындағы кәсіби ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісім аясында Ұлттық кітапхананың реставрация мамандары Мәскеу қаласында ұйымдастырылған «Классикалық парақтық реставрация: жетілдірілген курс» атты халықаралық біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысып жатыр, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – қағаз негізіндегі тарихи және сирек кездесетін құжаттарды сақтау, консервациялау және қалпына келтіру саласында еңбек ететін мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру. Оқу барысында қатысушылар реставрацияның заманауи ғылыми әдістері мен технологияларын меңгеріп, сирек кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтірудің озық тәжірибесімен танысады, практикалық дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу арқылы кітапхана қорындағы ұлттық және әлемдік мәдени мұраны сақтаудың тиімді тетіктерін игереді.
Бағдарлама аясында құжаттардың физикалық жай-күйін бағалау, қағаздың құрылымдық ерекшеліктерін анықтау, механикалық және химиялық тазалау, зақымданған парақтарды қалпына келтіру, реставрациялық материалдарды ғылыми негізде таңдау, сақтау талаптары мен профилактикалық консервация мәселелері бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізілуде. Сабақтарды Ресей мемлекеттік кітапханасының реставрация және құжаттарды сақтау саласындағы жетекші мамандары өткізеді.
Оқу бағдарламасын толық меңгеріп, қорытынды аттестаттаудан сәтті өткен мамандарға белгіленген үлгідегі біліктілікті арттыру туралы куәлік табысталады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы халықаралық әріптестік аясында кітапхана ісі, құжаттарды сақтау, реставрациялау және мәдени мұраны қорғау бағытындағы кәсіби ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып, мамандардың біліктілігін арттыруға және әлемдік озық тәжірибені енгізуге ерекше мән береді.