Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, экологтар, еріктілер мен тұрғындар қатысты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары қоршаған ортаны қорғау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Баршаңызды 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Табиғат – ата-бабамыздан мирас болып қалған баға жетпес байлық, келер ұрпаққа аманат етіп табыстайтын асыл қазынамыз. Оны қорғау, сақтау және табиғи байлықтарымызды ұқыпты пайдалану – баршамыздың ортақ міндетіміз. «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөздерде халқымыздың табиғатқа деген ерекше құрметі көрінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бір айлық немесе тоқсандық науқан емес, қоғамның өмір салтына айналуы тиіс маңызды бастама. Бүгінде сіздермен бірлесе отырып, облысымыздың тазалығын қамтамасыз ету ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған көптеген игі істерді жүзеге асырып келеміз. Осындай ортақ еңбектің арқасында өңіріміздің экологиялық ахуалы жақсарып, қоршаған ортаға деген жауапкершілік мәдениеті қалыптасуда, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Жиын барысында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғау ісіне үлес қосып жүрген бірқатар азамат марапатталды.
Салтанатты шарада облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов те сөз сөйлеп, табиғатты қорғау бағытында еңбек етіп жүрген мамандарға алғыс білдірді.
Мерекелік іс-шара аясында жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар саябақ аумағында әктеу, сырлау және тазалық жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен адам мен табиғат арасындағы үйлесімді сақтауға бағытталған халықаралық күн ретінде бекітілген.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Түркістан облысы бұл бастаманы алғашқы күннен бастап қолдап, жүйелі түрде жүзеге асырып отыр.
Жалпы өңірдің барлық аудан-қаласында ауқымды экологиялық іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, жуырда өткен тазалық марафонына 19 мыңнан астам тұрғын мен ерікті қатысып, 6 295 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 490 гектар аумақ абаттандырылып, 246 тонна қоқыс шығарылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасып келеді.