Түркістан қаласында діни дүкендерге мониторинг жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бұл іс-шара Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жоспарына сәйкес жүзеге асты. Мониторингтің мақсаты — діни мазмұндағы өнімдердің заңнамаға сәйкестігін тексеру және қоғамда діни тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Мониторинг барысында сатылымда тұрған кітаптар, аудио-бейнематериалдар мен өзге де діни өнімдер зерделенді. Сондай-ақ, лицензиялардың бар-жоғы, тауарлардың шығу тегі және діни мазмұнның Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкестігі назарға алынды.
Мониторинг нәтижесінде діни дүкендерде тіркелмеген немесе рұқсат етілмеген діни әдебиеттер анықталмаған.
Мұндай тексерулер халықтың діни сауаттылығын арттыруға, деструктивті діни ағымдардың алдын алуға және елдегі діни тұрақтылықты сақтауға бағытталғанын айта кетейік.