Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы «Жұлдыз» мейрамханасында дәл той кезінде өрт шыққан: ТЖД мейрамхана иесіне айыппұл салды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің редакцияға берген мәліметіне сүйенсек, өрт туралы ақпарат 30 қазан күні кешкі сағат 20:18-де келіп түскен. Жергілікті тұрғыннан «Жұлдыз» мейрамханасы жанып жатқаны жайлы хабарлама келіп түскен.
«Өрт сөндірушілер ғимараттың сол жақ беткейінде жалпы көлемі 150 шаршы метр болатын банкет залының 30 шаршы метр төбе жабыны жанып жатқанын анықтады. Оның жану себебі: от шашу кезінде электр сымдарынан ақау шыққан», - деп хабарланған әкімдіктің бізге берген ақпаратында.
Дереккөзге сүйенсек, ғимарат иесі ешкімге арыз-шағымы жоқ екенін айтып, өрт ережелері бұзылды деген хаттамамен келіскен.
Видеодан байқағанымыздай, той кезінде тойхананың төбесі қызыл жалынға оранған. Қонақтар мен тойхана қызметкерлері жан-жаққа жапатармағай қашқан.