Түркістан облысында екпе алған сегіз айлық сәби бір тәулік ішінде шетінеп кетті. Сегіз жыл бойы күткен перзентінен айырылған ата-ана әлі күнге дейін өлім себебін анықтай алмай жүр, деп хабарлайды 31 арна.
Телеарна мәліметінше, Сарыағаш аудандық орталық ауруханасындағы жағдайға наразы тұрғындар аталған мекемеде жыл басынан бері бірнеше бала көз жұмғанын айтып, жауаптыларды жазалауды талап етті.
Майра Жұмашева сегіз жыл күткен перзентіне пневмонияға қарсы екпе салдырғаннан кейін сәбиінен айырылғанын айтып, жанайқайын жеткізді.
Оның сөзінше, Бейбарыс Рашидке вакцина қаңтардың 23-і күні егілген. Жарты сағат ішінде жағдайы күрт нашарлаған баланы ата-анасы дереу Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Алайда, дәрігерлер уақыт жоғалтты деп отыр.
Немқұрайлы қарағанына, жауапкершілігі жоқтығынан менің сап-сау баламды бір күнде мәйітін алып кеткеніме әлі де ішім ашып тұр. Жай ғана екпе алдым да келдім. Үйге келемін. Балам жарты сағаттың ішінде құсады, мұздай тер шығады. Өзін жоғалтып, әлсіздік. Может бракованный. Мыңнан бірінде кездеседі. Ондай уколдар шығады деді. Неге именно менің балама кездеседі ол? Неге соны басында қарамайды. Срогы өтіп кеткен болуы мүмкін деді маған, дейді Бейбарыстың анасы Майра Жұмашева.
Анасының айтуынша, арада төрт ай өтсе де Бейбарыстың нақты неден көз жұмғаны анықталмаған.
Сарыағаштағы орталық ауруханаға қатысты шағым айтқандар мұнымен шектелмейді. Нұрбақыт Тұрақбай да қызуы көтерілген тұңғышын ақпан айында осы емдеу мекемесіне алып келгенін айтады. Бірақ өз аяғымен келген екі жарым жастағы Айсерікке укол салынғаннан кейін жағдайы күрт қиындап кеткен.
Температурамен келдік осы жерге. Екі-үш күннің ішінде жансақтау бөлімінен өлігін алып шығып кеттік осы жерде. Ол күні бір бала кеткен жоқ. 2-3 бала жансақтау бөлімінде жатқанның барлығы. Екі айдан кейін тағы қайталанып отыр. Тағы 2-3 бала кетіп отыр. Көршілеріміздікі де кетіп отыр. Білімдері жетсе, қолдарынан жасамаған болса, соңына дейін отырмай ма? Сарыағашта ақша бермесе емдемейді. Айғай-шу шығармаса емдемейді, дейді Айсеріктің әкесі Нұрбақыт Тұрақбай.
Айнагүл Әуезова да екі жастағы жалғыз немересінен осы ауруханада айырылғанын айтты. Оның сөзінше, жеміс жеп құсқан балақайдың асқазанын шайып, кейін басқа қан тобын құйып жіберген. Соның салдарынан бүлдіршін жансақтау бөлімінде көз жұмған.
Ал аурухана әкімшілігі кінәлі қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеді.
5 жасқа дейін жалпы бізде дәл осы ауруханада 7 ай 6 бала қайтыс болды. Алдағы уақытта ондай жағдайлар болдырмау мақсатында бізде біраз іс-шаралар жүргізілуде. Қазіргі Рашид Бейбарыс бойынша облыстық деңгейде де тексерулер келді. Фармконтрольдан да тексерулер келді. Тиісті мамандардың барлығы тәртіптік шара алынды. Жұмысымен қоштасқандар жоқ. Оқуға кеткендер бар, дейді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Абдраманова.
Балаларынан айырылған ата-аналар Сарыағаш аудандық орталық ауруханасында жан-жақты тексеріс жүргізіп, дәрігерлер құрамын жаңартуды талап етті.