– Алла ханым, алдымен өзіңіз туралы, тілді қалай меңгергеніңіз жайында айтып өтсеңіз.
– Менің ұлтым молдаван. Үйде ата-анам өз ана тілінде сөйлегенімен, мен үшін қазақ тілін меңгеру ең басты мақсат болды. Өйткені мен қазақ жерінде, осы елдің киелі топырағында өмір сүріп жатырмын. Тіл үйрену үшін ерекше қабілеттен бұрын, ең алдымен асқан ниет пен табандылық қажет.
Ең бастысы, менде мемлекеттік тілге деген қызығушылық болды. Осы қызығушылығымды қазақ классиктерінің әдеби шығармалары тереңдете түсті десем, қателеспеймін. Тілін игерген соң, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, жалпы мәдениеті бойыма дарыды деп ойлаймын. «Болдым», «толдым» дегеннен аулақпын, әлі де көп ізденуім керек сияқты.
Ата-анам шаруаның адамдары болғандықтан, таңның атысынан күннің батысына дейін жұмыста жүретін. Мен мектептің бастауышын орыс сыныбында оқыдым. Ол кезде ауылымызда түрлі ұлт өкілдері тұратын, айрандай ұйыған, тату-тәтті ел едік. Күміс есімді әжей көршіміз болды. Ата-анам жұмысқа кете салысымен, мені үйіне шақырып алатын.
Мен бір ауыз қазақша білмеймін. Күміс әжем мені алдына отырғызып алып, бірде шайын, енді бірде айранын беретін. Оның әшекейлі білезіктеріне, оюлы камзолына, басындағы орамалына ерекше қызығушы едім. Сыртқы киімі де, ішкі жан дүниесі де сұлу еді әжемнің. Ымырт түсе сиыр сауып отырып та Абайдың әндерін ыңылдап айтып отыратын. Сөзін білмесем де, мен әуеніне қосылуға тырысатынмын. Осылайша бір күні әке-шешеме қазақ сыныбына ауысқым келетінін айттым.
Үй-ішім бұл шешімімді бірден қолдаған жоқ. Оқуымды алып кете алмайтынымды, түрлі қиындықтар болатынын айтты. Дегенмен, анам көңіліме қарап, алдағы уақытта үй тапсырмасын орындауға көмектесе алмайтынын айтып, менің жағыма шықты. Сөйтіп қазақ сыныбына ауыстым.
Алғашқыда үй тапсырмасын көршілерді аралап жүріп орындайтынмын. Ұстазым Сақыпжамал апай мені бетімнен қақпай, көмегін аямады. Тіпті, қазақ тілінен Абай оқулары бойынша олимпиадаларға қатыстым. Таңғаларлығы, 11-сыныпты үздік белгімен бітірдім.

– Инстаграм желісіндегі жобаңыз туралы айтсаңыз, идея қайдан пайда болды? Жобаңыз қазір қалай жүріп жатыр?
– «Qazaq Talk» жобасы жай ғана оқыту курсы емес, заман талабынан туған авторлық концепция. Идеяның негізінде айналамдағы қазақ тілін үйренуге құлшынысы бар, бірақ «қайдан бастаймын?» деген сауал мен «қате сөйлеуден қорқу» деген психологиялық кедергінің арасында жүрген жандардың жағдайы жатыр.
Менің мақсатым тілді грамматикалық формулалар жиынтығы ретінде емес, өмірлік қарым-қатынас құралы ретінде таныту болды. Бүгінде жоба жеке (индивидуалды) оқыту форматында қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік желі ақпараттық алаң ғана, ал негізгі жұмыс әр білім алушының деңгейі мен қажеттілігіне бейімделген онлайн және оффлайн сабақтар арқылы жүргізіледі. Жобаның «Talk» деп аталуы да тегін емес. Бұл қазақ тілінің заманауи, халықаралық деңгейдегі тартымдылығын және коммуникациялық әлеуетін көрсетеді.

– Осы жобаны жүзеге асыру барысында кімдерді өзіңізге үлкен көмекші болды деп айта аласыз?
– Менің басты қозғаушы күшім білімімді бөлісуге деген ішкі құштарлығым болды. Ал білім дегеніңіз, бөліскен сайын арта түсетін құндылық екен. Өзім де тіл үйрену жолында түрлі сынақтан өткендіктен, сол тәжірибемді өзгелердің игілігіне жаратуды азаматтық борышым деп санадым.
Ең үлкен мотивация менің білім алушыларым мен әріптестерім еді. Әлі де солай. Шәкірттерімнің алғашқы жетістіктерін, олардың көзіндегі «енді түсіндім» деген ұшқынды, құштарлықты көргенде, жобаның дұрыс бағытта келе жатқанына көз жеткіземін.
– Алла ханым, жобада қандай әдістемені жиі немесе үнемі ұстанасыз?
– Әдістемем «Real-life Immersion» – шынайы ортаға ену принципіне негізделген. Оқытуды бастамас бұрын білім алушының тұлғалық ерекшелігін, кәсіби бағытын және психологиялық тосқауылдарын зерттеймін.
Оқу процесі үш кезеңнен тұрады. Алдымен сөздік қор мен тұрмыстық лексикаға назар аударамын. Грамматика кейін келеді. Тіл күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналғанда ғана нәтиже береді. Бұл орайда, психологиялық еркіндік өте маңызды. Қателесуден қорықпау керек. Сабақтар тек кабинетпен шектелмейді. Дәмханаға, дүкен сияқты қоғамдық орындарға барып, сол жерде практика жасаймыз. Сонымен қатар әр маманға жеке бейімдеймін, мәселен, маркетолог болса, маркетинг терминдеріне, дәрігер болса, медициналық бағытқа, құрылысшы болса, құрылыс тіліне басымдық беремін.
– Жобаның ерекшелігі неде?
– Менің ұстанымым – сан емес, сапа. Бұл конвейер емес, әр шәкіртке жеке жауапкершілікті арттырады. Сонымен қатар корпоративтік бағыт бар. Семинар-тренингтер өткіземін. Онда тілмен бірге қазақтың салт-дәстүрі, мақал-мәтелдері, көне сөздері қамтылады. Мен әр сабағымда бір ойды жеткіземін, сен тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін білу – парыз. Осыны жүректен жүрекке жеткізуге тырысамын.
– Жобаның басты жетістіктері туралы не айтар едіңіз?
– Бір жыл ішінде мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, телевизия саласының өкілдері білім алды. Кеше ғана қазақша сөйлеуден қорыққан адамның бүгін телеарнада сөйлеп отырғанын көру, мен үшін ең үлкен жетістік.

Сонымен қатар ата-аналардың балаларын қазақ балабақшасына бере бастағанын байқаймын. Мұны да үлкен өзгеріс дер едім. Түптеп келгенде, нәтиже тек тіл үйрену емес. Бұл – адамның ішкі еркіндігін ояту, елге деген сүйіспеншілікті арттыру және қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару.
– Әңгімеңізге рахмет!