Теміртауда ерлі-зайыптының өліміне күдікті ретінде олардың 20 жастағы ұлы ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға Республика даңғылындағы пәтерлердің бірінде болған. Пәтерден 52 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Марқұмдардың денесінде пышақ жарақаттары болған.
Ата-анасын өлтірді деген күдікке олардың 20 жастағы ұлы ілінді. Жедел іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – деп хабарлады Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.