– Салтанат Онкақызы, алдымен өзіңіз туралы баяндап беріңізші. Қазақ топырағына қалай келдіңіздер?
– Сауалыңыз дұрыс-ақ. Осынау байтақ далада менің қандастарым сирек. Өзім сонау Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында, Бурыл деген ауылда туып-өстім. Әкем – моңғол ұлтының өкілі, Қытайдың Боро-Тала деген қаласының тумасы. Ал анам – қазақ.
Әкемнің айтуы бойынша, 1970-жылдардың аяғы, 1980-жылдардың басында байдың баласы деген желеумен қуғынға түсіп, тағдыр айдауымен Қазақстанға келген екен. Тек менің әкем емес, тағы да біраз адам туған жерінен қуғын көріп, осында ат басын тіреген екен. Келген соң біршама уақыт бақылауда болып, сосын әлгі Байзақ ауданында құрылысқа жұмысқа тұрғызылып, еңбекқорлығының арқасында сол мекемеде меңгерушісі болған көрінеді. Сөйтіп жұмыс істеп жүрген кезінде сондағы асханада анаммен танысып, тіл табысқан, біршама уақыттан соң шаңырақ көтерген.
Менің де құжатымда бүгінде ұлтым моңғол деп жазылып тұр. Әуелде орыс мектебіне қадам басып, кейін қазақ тілді Бурыл орта мектебіне ауыстым. Содан кейін Жамбыл медициналық колледжіне түсіп, үш жыл білім алып шықтым.
Оны бітірген соң Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылында ауруханаға жұмысқа тұрдым. Бір жылдай істегеннен кейін осында қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Осылай жұмыстан қол үзіп, бала күтімімен отырып қалдым.
Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Ән айтқанды, сахнада жүргенді ұнататынмын. Бірақ бір себептермен әкем менің олай көзге түсіп жүргенімді қаламады. Дегенмен, өнерсіз қалмадым. Келін болып түскеннен кейін ұлтым туралы біліп, әл-Фараби атындағы аудандық мәдениет үйі шақыра бастады. 1-мамыр – Бірлік күні мейрамына, 1-наурыз – Алғыс айту күніне байланысты ұсыныстар түсіп, концерттерде моңғол тілінде ән айтуға шақырып отырды. Осылайша мәдениет саласымен байланыс орнатып, сахнаға шығып, ән айтып жүрген жайым бар.
Бүгінде үш қыз, екі ұлдың анасымын. Үлкен ұлым қазір үшінші курста оқып жатыр. Менің орындалмай кеткен арманымды арқалап, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне вокал тобына түсті. Одан кейінгі қызым педагог-ұйымдастырушы мамандығын игеріп жүр, бірінші курста.
– Менің білуімше, сіз жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясымен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істедіңіз. Олар да сізді ұлтыңыз басқа болғандықтан қатарына қосты ма?
– Бәрі ауданда балабақшада істеп жүргенім кезімнен басталды. Бір мерекеге орай аудан бойынша өнерпаздарды іздеген екен. Бір құрбым екеуміздің ән айтқанымыз бар еді, соны ассамблея қызметкерлері көріп, концертке шақырды. Сонда менің тегіме қызығып, мән-жайды сұрады. Мен өзім жайлы барлығын айтып бердім. Бала кезімнен моңғолша сөйлемесем де әкем әндерін үйреткен. Әкемнің де әншілік қабілеті бар еді. Соны естіген соң моңғолша ән айтуымды өтініп, содан әрі тығыз байланысымыз жалғаса бастады. Осылай танылып кеттім. Содан бері моңғол ұлтының атынан неше түрлі облыстық байқауларға қатысып, жүлдері орындар алып, марапатталып жүрмін.
Бір қызығы, әкеміз бала кезімізден «Ана тілі» деген ұғымды санамызға құйып кеткен. «Мен моңғол болғаныммен, аналарың – қазақ. Анаңның тілін білсең болды» дейтін. Содан болар, моңғолша үйренуге аса қызығушылық болмады. Дегенмен, өзім моңғол ұлтын да, қазақ ұлтын да құрметтеймін. Тек Қазақстанда туып, осында өскеннен кейін қазақылықты ұстанып кеткенбіз.
Жалпы моңғол салт-дәстүрінен де аздап хабарым бар. Әкем көзі тірісінде Моңғолияның басты-басты деген мерекелерін айтып, түсіндіріп кеткен. Мәселен, Жаңа жылды негізінен ақпанның ортасынан ауа тойлайды. Онда біздің Айт мейрамы сияқты, үй-үйді аралап, ағайын-туыс, көршілеріне қонаққа барады. Сол кезде міндетті түрде тәттілерін ала жүреді.
Кезінде тәтті бола бермеген ғой, есімде қалғаны, қантты міндетті түрде апаратын. Сосын, әр үйде отбасы мүшелері жиналып, тұшпара сияқты асын түйетін. Жеткілікті қылып молынан дайындайтын. Үйге мейрамдап қонақ келе қалғанда сол дайын тұрған асты дереу әзірлей қояды. Әкеміз соны жыл сайын міндетті түрде жасататын. Әке-шешеміз дүниеден өткенше өзім де отбасыммен, сіңілім бар, олар да отбасымен, бәріміз жиналып, құттықтап барып, сол тұшпарамызды түйіп, моңғол әндерін бірге айтып, мейрамдап қайтатынбыз.
– Қазақстанда оқу, жұмыс мақсатымен келгендер болмаса, жергілікті моңғол ұлтының өкідерін байқамаймыз...
– Дұрыс айтасыз, кезінде әкелерімізбен бірге көшіп келген, іргеміздегі Меркі ауданында тұрақтап қалған бір отбасы болған екен. Жұбайы да, зайыбы да моңғол ұлтының өкілдері. Одан кейін Алматы жаққа қоныс аударды дегендей хабар естідім, қазір білмеймін. Енді өзім және сіңілім болмаса, бізден басқа моңғолдарды көрмеппін де, естімеппін.
– Қазіргі таңда моңғол ұлтының дәстүрін қалай дәріптеп жүрсіз?
– Кейде өзге ұлттармен бірге жиналып, байқауларға барсам, түрік, кәріс ұлттары өкілдерінің мәдени бірлестіктері қандастарына керемет қолдау көрсетіп жатады. Көрмелерге барғанда әрқайсысы өздерінің мәдениетін танытатын жәдігерлерін әкеліп, жұртқа мақтанышпен паш ететінін аңғарамын. Бізде ондай жоқ. Тек кезінде әкем алдыртқан, балаларыма сыйлыққа келген ұлттық киімдеріміз бар. Соларды ғана апарамын. Сосын «буузы» деген ұлттық тағамымыз бар, соны әзірлеп, көрсетемін.

Өзгелердің қасында жұпыны болып тұрғанын көрген соң көңілім түсіп қалатынын да мойындаймын. Десе де алдыңғы жылы сондай бір көрмеде аудан әкімінің орынбасары бәрін тамашалап келіп, менің ұлтымды білгенде үлкен қызығушылық танытты. Әкем туралы сұрап, әкемнің атын өшірмей, ұлтымды дәріптеп жүргеніме үлкен ризашылық білдірді. Сол лебіздің өзі менің көңіліме үлкен демеу болды.
– Әңгімеңізге рахмет! Әкеңіздің мұрасын, ұлтыңыздың мәдениетін жалғастыра беріңіз!