Алматы облысы Талғар қаласында 20 жастағы жігіттің қаза табуына байланысты оның туысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, оқиғаның мән-жайын баяндады. Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Желідегі жазбада айтылғандай, 2026 жылғы 12 сәуірде Талғар ауданында 20 жастағы азамат мерт болған.
"Оған 10-нан астам адам шабуыл жасаған. Бұл кездейсоқ қақтығыс емес, бұл – топ болып жасалған шабуыл. Оны қоршап алып, өзін қорғауға мүмкіндік бермеген. Ол алған пышақ жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды.
Бізде болған оқиғаның видео дәлелі бар. 30-дан астам куәгер бар. Бірақ соған қарамастан, тек БІР адам қамауда", - деп жазды марқұмның туысы.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 12 сәуір күні Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған оқиғаға байланысты кісі өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс тіркелген.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынған.
"Сонымен қатар бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Олардың екеуіне қатысты сот шешімімен үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Кәмелет жасына толмағанға қатысты қылмыстық қудалау органы қоғамнан оқшауламау бұлтартпау шарасын қолданды", - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция барлық куәгерлер анықталып, олардан жауап алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.