$ 489.31
 568.33
 6.63

Семейде оқу ақысын төлеу үшін қара жұмысқа барған студент жігіт қолынан айырылды

Редактор
04.06.2026, 11:23
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот
Оқыс оқиға кірпіш құятын цехтың бірінде болған.

Семейде жас жігіт ақша табамын деп қолынан айырылды. Жергілікті университеттің IV курс студенті оқу ақысын төлеу үшін қара жұмысқа барып, кірпіш құятын құрылғының ішіне цемент салып жатқанда бір қолын бір-ақ турап тастаған. Жәбірленушінің жақындары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды bairaqmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оқыс оқиға кірпіш құятын цехтың бірінде болған. 22 жастағы Нұрасыл күнделікті 12 мың теңге тауып, оқуының ақшасын өзі төлеуге бекінген. Алайда студенттің арнайы апараттың қасында аяғы тайып, қолы темірге тиген. Сол сәтте құрылғының ішіндегі темірлері қолын білектен төмен турап тастаған.

Нұрасыл Жаңабаев, жәбірленуші:

— Цементті көтеріп, апараттың үстінде тұрғам. Цементті салған кезде аяғым тайып, ішіне қолым кіріп кетеді. Өзім жұлып алдым. Талып қалдым. Қарасам, ішіне кіріп бара жатырмын. Көзімді ашып, артқа қарай құладым.

Кейін ес-түссіз қалған жігітті цехтағы адамдар ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған дереу ота жасап, қолын кесуге мәжбүр болған. Ал жақындары құзырлы органдардан әділдікті талап етіп отыр. Сондай-ақ зар қаққан анасы ұлының жалдамалы жұмыс істеген жерінен ешқандай көмек болмады, дейді.

Гүлнар Камажанова, Нұрасылдың анасы:

— Кешірім сұрады. Бірақ «көмектесейін» деген бір сөз айтпады. «Менің де жағдайым жоқ» деп айтты, болды. Ал енді менің ұлым өмір бойына қолынан айырылып отыр. Армандары бар.

Жазатайым оқиға болған цехтан мәселенің нақты мәнісін түсіндіретін адам табылмады. Дегенмен еңбек инспекциясы арнайы комиссия құрылғанын жеткізді. Енді олар дені сау студенттің мүгедек болуына байланысты тексеріс жүргізуде.

Темірлан Әміртаев, Абай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бас маманы:

— Аурухана бөлімінен жұмысшының алған жарақаты ауыр дәрежеге жататыны анықталды. Департамент тарапынан аталмыш жазатайым оқиға бойынша бұйрық шығып, тергеп-тексерілу бүгін басталды.

Құрылған комиссия он күннің ішінде тексеріс қорындысын жариялайды. Егер жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылық анықталса, олар тиісті шара қабылдайды. Ал қолынан айырылған студенттің құқық қорғау органында қызмет атқарамын деген арманы болыпты.