Аймақ

Саран қаласында су тазарту кешені іске қосылды

18:29, 23 желтоқсан 2025 24

Саран қаласында су тазарту кешені іске қосылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Қарағанды облысындағы Саран қаласында өндіріс қарқын алып, көлемі жыл сайын өсіп келеді. Индустриялық аймақта жаңа өндіріс орындары ашылып жатыр. Оның ішінде автокөлік дөңгелегін шығаратын зауыт та бар. 

Бір ғана осы дөңгелек шығаратын зауыттың өзінен күніне 5 мың текше метр лас су шығарылады. Оны далаға төгудің экологиялық зардабы орасан. Сондықтан, Қарағанды облыстық Құрылыс, Сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырмасымен су тазарту кешені бой көтерді. 

Индустриялық аймақтағы қалдық суларды тазалау жүйесін салуға қазынадан 5 миллиард 400 миллион теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын  «TOLAGAI GLOBAL» компаниясы жүргізді. Бас мердігер белгіленген мерзімде су тазарту кешенін толық іске қосты. 

Жаңа тазарту жүйесіне өндіріс барысында қолданылған техникалық ағындылар келіп түседі. Нысанда ол бірнеше кезеңнен тұратын тазартудан өтеді.

Бұл зауыттың құрылысы 2022 жылы басталды. 2025 жылдың қараша айында толық пайдалануға берілді.Мұнда өндіріс орындарынан шыққан суды күрделі техникалық жабдықтар тазалайды. Сүзгілер Голландияда жасалған. Себебі жоба бойынша біз Голландиялық компаниямен жұмыс істеп, солардың технологиясын әкелуіміз керек болды. Компаниямыз мұндай су тазарту зауыттарын салуға әбден машықтанған. Тәжірибеміз мол. Сондықтан құрылыс жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілді, - деді «TOLAGAI GLOBAL» компаниясы Бас директорының солтүстік өңірдегі нысандар бойынша орынбасары Нұржан Аманжолов.

Құрылыс жұмыстары жоспарға сай 3 жылға созылып, дер кезінде аяқталған. 

Құрылыс жұмыстары уақытылы аяқталды. Қабылдап алдық. Жоба бойынша сараптамадан өтті. Енді біз нысанды басқарушы компанияға өткіземіз. Жаңа нысанда тазартылған су зертханаға жіберілді. Оған сәйкес, оң нәтиже шықты, - деді Қарағанды облыстық Құрылыс, Сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері.

Сүзгіден өткізілген су қайтадан зауыттағы өндірісте пайдаланылады. Ал, қалдығы буға айналып кетеді. Бұл қоршаған ортаға кесірін тигізбейтін таза экологиялық жоба.  

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз