Қарағанды облысында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімхановқа қатысты оқиғадан кейін қызметтік тексеріс басталды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Министр екі спортшы да мемлекеттік қызметке келмес бұрын арнайы критерийден өткенін айтты.
Серік Сәпиев депутат болған, министрліктің Дене шынықтыру және спорт комитетін үш жылдай басқарды, Ұлттық олимпиада комитетінде қызмет атқарған азамат. Елімізде 16 олимпиада жеңімпазы болса, соның біреуі сол кісі және өз туған өлкесіне барып өз тәжірибесімен, өзінің өткен жолымен бөлісуге жіберілген болатын. Ал орынбасары бойынша айтарым, ол да арнайы критерийлер арқылы мемлекеттік қызметке өткен. Спортта да мансабы бар. Жалпы басқарма басшысын да, оның орынбасарын да жергілікті әкімдік тағайындайды, - деді министр.
Еске салсақ, бұған дейін желіде Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында төбелес болып, Сәпиевтің дене жарақатын алғаны туралы ақпарат тараған болатын.