"Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталында 16 жасқа толмаған желі қолданушыларын онлайн платформаларда тіркеуге тыйым салатын заң жобасы жарияланды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
4 желтоқсанда "Ашық НҚА" порталында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жарияланды.
Онда "Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғаудың ерекшеліктері" туралы 10-1-бап келтірілген. Норма 16 жасқа толмаған желі қолданушыларына жедел хабар алмасу қызметтеріне тіркелуді есепке алмағанда, онлайн платформаларда тіркелуге тыйым салады.
Түсіндірме жазбада көрсетілгендей, заң жобасының мақсаты – онлайн-платформалардағы заңсыз контент көлемін азайту үшін қажетті заңнамалық базаны құру және онлайн платформалар мен масс-медианы дамытуға байланысты заңнаманы жаңарту.
Заң жобасын қоғамдық талқылау 29 желтоқсанға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, осы аптаның басында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қою мәселесі қазір күн тәртібінде емес екенін айтқан болатын.
Қазақстанда кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салу 2023 жылы талқыланған.