Аймақ

Атырауда рөлі оң жақтағы көліктерге жолаушы тасымалдауға тыйым салынды

16:36, 04 желтоқсан 2025 20

Атырау облысында рөлі оң жақтағы көліктерге жолаушы тасымалдауға тыйым салынды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Информбюро жаңалықтар қызметінің хабарлауынша, полиция жол апатын азайту мақсатында трассаларға шығып, Тойота Альфард, Естима маркалы машиналарды жаппай тоқтатып жатыр. 

Бұл шектеу такси қызметін көрсетіп, нәпақасын тауып жүрген жүргізушілердің наразылығын туғызды. Атпалдай азаматтар табыстан қағылып, күнкөрісіміз қиындай ма деп алаңдайды. Ауыл, аудан мен қала арасында адам тасып, күні-түні тыным таппайтын бұл жүргізушілер бір-ақ сәтте жұмыссыз қалды. Рөлі оң жақта, жеті немесе сегіз адамға арналған кең машинаның иелері полицияның енгізген шектеуіне үзілді-кесілді қарсы. Олар күнделікті табыстан қағылып, отбасын асырау қиындады деп отыр.

«Кредитте тұр көлігім. 4 жыл болды төленгеніне. Мен 3-4 күн болды адамдарды жолдан түсіріп аламын. Кредит просрочкада жатыр. Бір күнде тоқтатып тастауға болмайды ғой. Біз халықпыз жұмыс жасап отырған. Отбасын асырау керек. Оңай емес біздерге», - дейді  жүргізуші Арман Бағытов

Апта басынан бері атыраулық полицейлер трассаларға шығып, рөлі оң жақтағы көліктерді жаппай тоқтатуға кіріскен. Салон ішінде жолаушылар отырса жүргізушіге бірден айыппұл салынады. Қажет болса темір тұлпарды айып тұрағына апарады. Ал, тас жолға шыға алмай, тауы шағылған азаматтар шектеуді алып тастауды сұрайды. 

«Күнделікті табатын 10-15 мың теңге ақша. 3-4 күн болды жасыратын жоқ. Үйден шыға алмай қалдым. Жұмыс жоқ үйде жатырмыз. Құлсары жақта таксовать етейін десем тағы болмайды. Бізге керегі шектеуді алсын!», - дейді жүргізуші Қанат Құлдырахманов. 

Ал, полиция департаментінің өкілдері Тойота Альфард, Естима сынды маркалы көліктердің жолаушы тасымалдауға құқығы жоқ дейді. Оған қоса, заңсыз такси қызметін атқаратын осы минивендердің дені жылдамдықты шектен асырып, ережені елемейді деп отыр.

«Осы жылға тас жолдарда ауыр жол апаттарынан 16 адам қайтыс болып отыр. Оның ішінде қызық көрмеген сәби, балалар да бар. Аудан, елдімекендерде 6-7 адамнан салонға салып алады. Адам өмірі маңызды емес, күнделікті табысын ойлап кетті. Жол көлік оқиғасын алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңінен қайтарып жіберіп жатырмыз», - дейді Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахматов. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз