Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 80 жылдық тарихы мен оның қазіргі рөлі туралы пікір білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру, - деді ол.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев превентивті дипломатияның қақтығыстарды тоқтатуда өте өзекті екеніне мән берді.
– Бұл тақырып бұрыннан талқыланып келеді, кемінде 30 жыл болды. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Жағдай ділмәр сөз, декларация күйінде қалып жатыр. Өңірлік және жаһандық шиеленістерді болжауға баса мән берген жөн деп ойлаймын. Превентивті дипломатия дегеніміз – осы. Сонымен қатар біз көпжақты тиімді дипломатияға қолдау көрсету үшін күш-жігерімізді біріктіру керек, - деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ өз жұмысында превентивті дипломатияға баса назар аудару керек деген пікіріне қолдау білдірді.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа Одағы әу баста әлемде бейбітшілік орнату үшін құрылған. Дегенмен екі құрылым да соғыспен бетпе-бет келіп, сәтсіздікке ұшырады. Неліктен бұлай болды? Өйткені превентивті дипломатия жоқ. Тоқаев мырза превентивті және проактивті дипломатия жайында айтты. Саяси шешімдер қабылдауда бізге осындай оң үлгі жетпей тұр, - деді Солтүстік Македония президенті.
Сондай-ақ панелдік пікірталасқа Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе қатысты.