Ауғанстанды сауда-экономикалық қатынастарға тарту осы елді қалпына келтіруді жылдамдатады. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммитінде айтты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Біздің өзара іс-қимылымыздың тағы бір аспектісі – ол Ауғанстан. Біздің ойымызша, бұл елді сауда-экономикалық қатынастарға тарту оны қалпына келтіруге және халықаралық оқшауланудан шығаруға ықпал етеді. Дәл осы бағытта біз Ауғанстан үкіметімен жұмыс істеп жатырмыз. Қытай мен Орталық Азия елдеріне Алматы қаласында Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құруға қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, өңірдің болашағы осы аумақтағы елдердің өзара мүдделерді ескере отырып, бірлесіп әрекет ете алуына байланысты. Осы орайда «Орталық Азия-Қытай» форматы жасампаз стратегиялық серіктестіктің айқын үлгісіне айналатынына сенім артты.
Айта кетсек, Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті жұмысын бастады. Іс-шараға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қатысып жатыр.