Биыл қаңтар-сәуір айларында Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі тұтастай экономика қарқынынан асып, жоғары динамиканы көрсетті (ҚР ӨҚМ деректеріне сәйкес 9,9%). Бұл осы сектордың серпінімен қатар экономика ішінде қалыптасатын құрылымдық өзгерістердің сапасын да өзекті етеді. Бүгінде өңдеу саласының өсімі тек өндіріс көрсеткіштерін ғана білдірмейді. Шындығына келсек, бұл ауқымды процесс – экономикалық құрылымды өзгерту мен ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілік факторларын қалыптастыруды қамтиды.
Бұған қоса отандық өндіріс жүйесіндегі өзгерістердің сапасы да ерекше назарды талап етеді. Айталық, бүгінде өнеркәсіптің дамуы – өндіріс көлемі, оның динамикасы мен өсім қарқыны сынды дәстүрлі көрсеткіштермен бағаланатыны белгілі. Десе де индустриялық дамудың қазіргі кезеңі бағалаудың неғұрлым кешенді тәсілін қажет етіп отыр. Өндіріс қуаттарының артуымен бірге саладағы технологиялық күрделілік, өңдеу тереңдігі, өндіріс тізбектерінің тұрақтылығы, өнімділік және өнеркәсіп жүйесінің ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуі ерекше маңызға ие.
Қазақстан үшін бұл мәселенің стратегиялық маңызы жоғары. Өнеркәсіпті өркендетуге бағытталған амалдар жуырда Үкіметте талқыланып, оның барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов отандық өндіріс орындарымен өзара іс-қимылды арттыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеген болатын.
Өндіруші сектор дәстүрлі түрде экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қалып отыр. Бұл орайда ұзақмерзімді орнықты өсім көбінесе экономиканың неғұрлым күрделі өндіріс тізбектерін қалыптастыру, қайта өңдеуді дамыту және қосылған құны жоғары өнімдерді әзірлеу қабілетімен анықталатынын айта кетейік. Сондықтан өңдеу секторын дамыту мәселесі экономикалық құрылымның сапасын арттыру тұрғысынан қарағанда да өзекті.
Экономиканы әртараптандырудың, қайта өңдеуді дамытудың, елішілік құндылықты арттырудың, локализациялаудың және технологиялық жаңартудың стратегиялық басымдықтары Қазақстанның өнеркәсіп саясатындағы ұзақмерзімді негіздемесін қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, өнеркәсіп өсімінің мазмұны да өзгере түседі. Бұл жаңа өндірісті ашу, өндіріс көлемін ұлғайтумен бірге тұрақты, технологиялық және бәсекеге қабілетті өндіріс жүйесін жолға қоюды білдіреді. Стратегиялық бағдарлармен қатар олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету айрықша мәнге ие болып отыр. Тәжірибе көрсеткендей, өндіріс қуаттарын іске қосу әрдайым ұзақмерзімді нәтижеге кепілдік бермейді.
Орнықты өнеркәсіптік нәтиже қаржыландырудың, инфрақұрылымның, кадр даярлаудың, технологиялардың және өндірістік міндеттемелердің орындалу келісімі сақталатын жерде қалыптасатынын ескерген жөн. Мұның кем дегенде бір элементі жолға қойылмаса, өндіріс жүйесінің тұрақтылығы шектелуі мүмкін. Сол себепті өнеркәсіп саясатындағы заманауи тәсілдер жекелеген өндірістерді құрудан бөлек өндіріс сегментінде толыққанды экожүйелерді қалыптастыруға бағытталған.
Бұл ретте локализациялауды дамытуға да айрықша мән берген дұрыс. Оны нығайтудың келесі кезеңі өндірістің технологиялық компонентін күшейтуге байланысты болады. Өндіріс қуаттарын дамытумен қатар қайта бөлініс деңгейінің, компоненттік базаны дамытудың, технология трансферінің, өндіріс кооперациясы мен өндірістік интеграцияның жоғары деңгейін қамтамасыз етудің өзектілігі артып келеді. Қайта бөліністің жоғары деңгейі тек қосылған құнның өсімін ғана білдірмейді. Бұл технологиялық құзыреттерді дамыту, өндірістің орнықтылығын нығайту және экономиканың неғұрлым күрделі индустриялық құрылымын қалыптастыруды аңғартады.
Өнімділік мәселесіне де баса мән берген жөн. Өнімділік өнімнің өзіндік құнына, кәсіпорындардың жаңғыртуға инвестиция тартуға, бизнестің сыртқы сын-қатерге төтеп беруге және экономиканың өсім сапасына әсер етеді. Сондықтан заманауи өнеркәсіп саясаты өндіріс қуатын кеңейтумен бірге технологиялық жаңартуға, өндіріс процестерінің тиімділігіне және кірісті арттыруға бағытталған. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өнімді көп емес, тиімді шығарудың өзектілігі күшейіп барады.
Бұдан басқа орнықты елішілік өндірістік тізбектерді қалыптастырудың маңыздылығы орасан. Мемлекет басшысы жоғары бөліністегі өнімді әзірлеуге және экспортқа бағдарланған инвестициялық жобаларды іске асыруға бірнеше рет баса назар аударғаны мәлім. Бұл тұрғыда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілікті нығайтуға көңіл бөлгені қуантады әрине. Алайда бұл тек өнім көлемімен ғана емес, сонымен бірге өндіріс ресурстарын тиімді пайдаланумен де қалыптасатынын түсінген абзал.
Дәл осы факторлардың үйлесімі экономикалық дамудың тұрақтылығын, индустриялық өркендеудің сапасы мен Қазақстанның ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттігін айқындайтын болады.
Индира НҰРЛАН,
Өнеркәсіп саясаты және
импортты алмастыру
жөніндегі сарапшы