$ 464.86
 544.03
 6.14

Өңдеу өнеркәсібіне қолдау бар, нәтижесі көңілден шыға ма – сарапшы пікірі

Редактор
08.03.2026, 15:06
Кейіпкердің жеке архивінен
Кейіпкердің жеке архивінен
Қазақстанда өндірісті дамытуға кедергі болып отырған бірнеше фактор бар

Өңдеу өнеркәсібін дамыту – Қазақстан экономикасының негізгі басым бағыттарының бірі. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың тиімділігі, саладағы түйткілдер мен болашақтағы қауіптер туралы «Ауыл» партиясының Астана қаласы бойынша филиалы төрағасы, сарапшы Ұлан Әбдіхановпен сұхбаттастық. Әңгіме барысында өңдеу саласына беріліп жатқан мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі, өндірістің дамуына кедергі болып отырған жүйелі мәселелер, сондай-ақ алдағы кезеңдегі тәуекелдер мен стратегиялық бағыттар талқыланды.

– Мемлекет беріп жатқан қолдаулар (субсидия, жеңіл несие, т.б.) өңдеу саласына нақты пайдасын тигізіп жатыр ма? Нәтижесіне көңіліңіз тола ма?

– Мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялар, жеңілдетілген несиелер және түрлі бағдарламалар өңдеу саласының дамуына белгілі бір деңгейде оң әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін бұл – маңызды қолдау. Дегенмен, нәтижесіне толық көңіл толады деп айту қиын. Кей жағдайда қаржының тиімді игерілуі, жобалардың сапасы және нақты өндірістік нәтиже беру мәселелері бар. Сондықтан ендігі кезеңде саннан сапаға көшу, яғни нақты нәтиже беретін, экспортқа бағытталған өндірістерді қолдауға басымдық беру қажет.

– Қазақстанда өндірісті дамыту бағытындағы ең үлкен кедергілерді атаңызшы. Бұл – технология жетіспеушілігі ме, кадр мәселесі ме, әлде басқа себептері бар ма?

– Қазақстанда өндірісті дамытуға кедергі болып отырған бірнеше фактор бар. Біріншіден, технологиялық артта қалушылық, көптеген кәсіпорындарда заманауи құрал-жабдық жетіспейді.Екіншіден, білікті кадр мәселесі өзекті. Өндірісте жұмыс істейтін мамандарды даярлау жүйесі әлі де толық жолға қойылмаған.Сонымен қатар, инфрақұрылым, логистика және қаржыландыруға қолжетімділік те үлкен мәселе болып отыр. Яғни, бұл жерде бір ғана себеп емес, жүйелі проблемалар бар. Сондықтан мұндай мәселелерді кешенді түрде шешу қажет – білім беру, өндіріс және мемлекеттік саясат өзара үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.

– Сіздіңше, қазіргі кезде бизнес пен мемлекеттің рөлі қаншалықты дұрыс бөлінген? Қазіргі таңда кәсіпкерлерге не жетіспей тұр?

– Жалпы алғанда, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара әрекет бар, алайда оны жетілдіру қажет. Бүгінде кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы – тұрақтылық пен түсінікті ережелер. Сонымен қатар, өндірістік жобаларды іске асыру кезінде ұзақмерзімді қаржыландыруға қолжетімділік, инфрақұрылымның сапасы және әкімшілік кедергілерді азайту мәселесі өзекті болып отыр. Кәсіпкерлерге нақты қолдау ғана емес, тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйелі орта қажет. Сондықтан мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтере түскен жөн.

– Алдағы жылдары бұл салада қандай қауіптер болуы мүмкін? Соған алдын ала қалай дайындалу керек?

– Алдағы жылдары негізгі қауіптердің бірі – жаһандық бәсекенің күшеюі және технологиялық артта қалу қаупі. Егер біз өңдеу секторын дер кезінде дамытпасақ, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетсіз болып қалуымыз мүмкін.Сонымен қатар, шикізат бағасының тұрақсыздығы да экономикаға әсер етеді. Сондықтан шикізатқа тәуелділікті азайту – стратегиялық міндет. Бұл қауіптерге қарсы тұру үшін бүгіннен бастап инвестицияны өңдеу саласына бағыттау, технология трансферін күшейту, кадр даярлау жүйесін жаңарту қажет. Яғни, біз алдын ала әрекет ететін саясатқа көшуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!