$ 474.08
 558.28
 6.26

Назым Жанғазинова: Инклюзия – ұран емес, күнделікті жұмысымызға айналуы тиіс

Редактор
16.04.2026, 15:04
Қазақстан бочча федерациясы
Қазақстан бочча федерациясы
Белгілі медиаменеджер, Қазақстан бочча федерациясының вице-президенті Назым Жанғазинова инклюзивті спорттың дамуы, боччаның әлеуметтік маңызы және халықаралық деңгейдегі жетістіктер туралы тілшімізге кеңінен әңгімелеп берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және әрбір адам өзін жайлы сезінетін кедергісіз ортаны қалыптастыру – елдегі реформалардың маңызды бағытының бірі. Осы тұрғыда бочча сынды инклюзивті спорт түрлерінің дамуы қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидатын нақты іске асырудың көрінісі ретінде бағаланып отыр.

- Назым ханым, бочча бүгінде Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі ретінде аталып жүр. Алайда оның бастауында үлкен жүйе емес, ата-аналардың бастамасы тұрғаны белгілі. Осы жолдың қалай басталғанын тарқатып айтып берсеңіз.

– Бұл спорттың Қазақстандағы тарихы шын мәнінде өте ерекше. 2018 жылы алғаш рет ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың өз бастамасымен шағын секция ретінде пайда болды. Яғни бұл — жоғарыдан түсірілген жоба емес, керісінше қоғамның өз ішінен шыққан сұраныс. Сол кезеңде ата-аналардың басты мақсаты балаларына тек ем-дом немесе күтім ғана емес, өмірге араласуға мүмкіндік беру еді. Бочча дәл сондай мүмкіндікке айналды.

Алғашында бұл бағыт тек церебральды сал ауруы бар балалармен шектелді. Бірақ уақыт өте келе оның әлеуеті әлдеқайда кең екені белгілі болды. Аутизм, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балалар да осы спорт арқылы өзін таба бастады. Біз сол кезде тек спортты емес, балалардың қоғамдағы орнын қайта қарастыру процесін бастап кеттік десек те болады.

– Кейін бұл бастама федерация деңгейіне көтерілді. Бұл кезеңде қандай өзгерістер болды?

– 2021 жылы Қазақстан бочча федерациясының құрылуы осы бастаманы жүйелі арнаға түсірді десем қателеспеймін. Бұл өте маңызды кезең болды, себебі біз енді тек жекелеген секциялармен шектелмей, ұлттық деңгейде жұмыс істей бастадық. Ал 2023 жылы BISFed құрамына ресми мүше болуымыз біздің халықаралық спорт кеңістігіне толыққанды кіргенімізді білдіреді.

Бұл мүшелік бізге жаңа мүмкіндіктер ашты. Ең алдымен, спортшыларымыз халықаралық рейтингтік жарыстарға қатыса бастады. Екіншіден, жаттықтырушыларымыз әлемдік стандарттарға сай білім алып, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алды. Яғни біз енді тек қатысушы емес, халықаралық қауымдастықтың бір бөлігіне айналдық.

– Қазір боччаның еліміздегі даму деңгейін қалай бағалайсыз?

– Соңғы жылдары өте айқын ілгерілеу бар. Бүгінде еліміздің әртүрлі өңірлерінде жүйелі жаттығулар өткізіліп жатыр, өңірлік федерациялар құрылды. Бірақ мен үшін ең маңызды көрсеткіш сандар емес, адамдардың өзгеруі. Себебі бұл спортқа келген әрбір бала немесе ересек адам белгілі бір ішкі шектеулермен келеді. Ал уақыт өте келе олардың өзіне деген сенімі артып, қоғаммен байланысы күшейе бастайды.

Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат бар десек, оның ішінде 98 мыңнан астамы балалар екен. Бұл дегеніміз үлкен әлеуметтік топ. Сондықтан боччаның дамуы тек спорттық көрсеткіштермен өлшенбеуі керек. Ол қоғамның инклюзияға қаншалықты дайын екенінің көрсеткіші.

– Инклюзия тақырыбы соңғы жылдары жиі айтылып жүр. Бірақ оның нақты мазмұны мен әсері әрдайым түсінікті бола бермейді. Сіздің тәжірибеңізде бұл қалай көрінеді?

– Инклюзия – ұран емес, күнделікті жұмысымызға айналуы тиіс. Біз кейде оны үлкен сөздермен сипаттаймыз, бірақ іс жүзінде ол өте қарапайым нәрселерден басталады. Мысалы, бала үйден шығып, жаттығуға келеді, командамен араласады, жарысқа қатысады. Бұл оның қоғамға қосылғанының нақты көрінісі.

Бочча осы тұрғыдан өте тиімді құрал. Себебі ол физикалық мүмкіндігі шектеулі адамдарға да толыққанды қатысуға мүмкіндік береді. Спорт арқылы олар тек денесін емес, өзін-өзі қабылдауын өзгертеді. Көп ата-ана бізге баласының бұрын тұйық болғанын, ал қазір ашыла бастағанын айтып жатады. Бұл ең үлкен нәтиже деп бағалаймын.

– Бұл бағытта мемлекет пен ірі ұйымдардың қолдауы қаншалықты маңызды?

– Мұндай саланы жүйелі дамыту үшін институционалдық қолдау аса қажет. Бұл тұрғыда Samruk-Kazyna қоры мен «Sport Qory» қорының көмегі өте маңызды рөл атқарып отыр. Олардың қолдауы арқылы біз тек жарыстар ұйымдастырып қана қоймай, толыққанды экожүйе қалыптастырып келеміз.

Яғни спортшыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, оқу-жаттығу жиындарын өткізу, халықаралық жарыстарға қатысу, мұның барлығы тұрақты қаржылық және ұйымдастырушылық қолдауды талап етеді. Сонымен қатар жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыру да басты назарда.

– Жақында Астанада өткен халықаралық семинар-тренинг осы бағыттағы жұмыстың бір бөлігі болды ма?

– Иә, бұл шара біздің жүйелі дамуымыздың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Семинарға еліміздің әр өңірінен келген мамандар қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Сонымен қатар шетелдік сарапшылар да арнайы шақырылды.

Мұндай алаңдар біз үшін тек білім алу ғана емес, ой алмасу, жаңа тәсілдерді енгізу мүмкіндігі. Біз спортшыларды даярлаумен қатар, менеджмент, психология, қаржылық басқару сияқты бағыттарды да қамтуымыз керек. Себебі қазіргі спорт тек жаттығумен шектелмейді, ол тұтас жүйеге айналуы керек.

– Ал халықаралық деңгейдегі «Astana 2025 World Boccia Challenger» турнирінің маңызына тоқталсақ.

– Бұл жарыс – Қазақстан үшін үлкен сенімнің белгісі. Себебі мұндай деңгейдегі турнирді өткізу үшін халықаралық федерацияның қолдауы ғана емес, ел ішіндегі дайындық деңгейі де жоғары болуы керек.

Бұл турнирдің тағы бір ерекшелігі – оның спортшылар үшін нақты нәтиже беретін алаң болуы. Мұнда алынған ұпайлар болашақ Паралимпиада ойындарына жол ашады. Сондықтан бұл жарысқа қатысу әр спортшы үшін үлкен мүмкіндік.

– Қазақстанның қазіргі позициясын қалай бағалайсыз?

– Қысқа уақыт ішінде қол жеткізген нәтижелеріміз жаман емес. Біз халықаралық рейтингте алғашқы жиырмалыққа кірдік, Орталық Азияда көш бастап тұрмыз. Бірақ бұл біз үшін тоқтайтын нүкте емес.

Ең бастысы, бізде дұрыс бағыт қалыптасты. Жүйе бар, тәжірибе бар, ең маңыздысы, мотивация бар. Осы үш фактор сақталса, нәтижелер де өседі.

– Соңғы уақытта қоғамда «Ерекше» фильміне байланысты қызығушылық артып келеді. Бұл жоба боччаны кең аудиторияға таныстыруға қалай әсер етіп жатыр?

– Бұл фильмді біз жай ғана көркем туынды ретінде емес, үлкен әлеуметтік миссиясы бар жоба ретінде қабылдаймыз. Ерекше – махаббат пен адалдық, сатқындық пен рухтың беріктігі, жеңіске деген ерік-жігер туралы ғана емес, әр адамның өз ішкі өзгерісінен басталатын жауапкершілік туралы ой салатын картина.

Фильм сюжеті арқылы көрермен боччамен айналысатын ерекше спортшылардың өміріне жақындай түседі. Басты кейіпкер Арманның өзгеру жолы тек бір адамның тағдыры емес, бұл қоғамның ерекше жандарға деген көзқарасының өзгеруінің көркем көрінісі. Әсіресе Дидар образы арқылы боччаның тек спорт емес, өмірлік тірек екенін көреміз.

Бұл жобаның тағы бір маңызды қыры – оның нақты әлеуметтік әсері бар. Фильм Қазақстан бочча федерациясы қолдауымен түсірілген, ал прокаттан түскен қаражаттың мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталуы – сөз бен істің бір жерден шығуының айқын дәлелі.

Сондықтан бұл фильмді біз ақпараттық насихат құралы ғана емес, қоғамдағы түсіністікті арттыратын, инклюзия мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадам ретінде бағалаймыз.

– Соңғы сұрақ. Сіз үшін бочча спорт па, әлде әлеуметтік миссия ма?

– Мен үшін бұл екеуін бөлу мүмкін емес. Әрине, бұл – спорт. Бірақ сонымен қатар бұл адамдардың өмірін өзгертетін құрал. Біз кейде үлкен нәтижелерді медальмен өлшейміз. Ал шын мәнінде ең үлкен жетістік – адамның өзіне сенуі, қоғамда өз орнын табуы.

Сол себепті бочча тек жарыс емес, мүмкіндік. Және сол мүмкіндікті әр адамға жеткізу біздің басты мақсатымыз.