Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Президент өз құттықтауында Пасха мейрамының христиан жылнамасында ерекше орын алатынын атап өтіп, оның үміт пен сүйіспеншіліктің, рухани жаңарудың символы екенін жеткізді. Сондай-ақ мереке және оған дайындық кезеңінде жанашырлық, мейірімділік, тату көршілік пен өзара көмектің маңызы арта түсетінін айтты.
Православ қауымы қоғамда әділдік, бейбітшілік, келісім, төзімділік және сенім қағидаттарын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан Пасха дәстүрі отбасындағы ынтымақты сақтауға және адамгершілік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, үлкенге құрмет көрсетіп, жақыныңа жанашыр болуға баулиды, - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы елдегі ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімнің сақталуы Қазақстанның тұрақты дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін де атап өтті.
Халқымыз бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білім мен инновация, қоршаған ортаға қамқорлық пен тазалық қағидаттары берік орныққан озық елде өмір сүріп, еңбек етуге ұмтылады. Республикалық референдумда қабылданған Халық Конституциясы – соның айқын дәлелі, - деді Тоқаев.
Сөз соңында Президент Пасха мерекесі әрбір шаңыраққа шаттық пен береке әкеліп, барша азаматтарға зор денсаулық, бақыт және табыс тіледі.