$ 464.86
 544.03
 6.14

Әлемдік азық-түлік дағдарысы: Қазақстанның астық экспорты қалай өзгерді?

Редактор
12.03.2026, 18:20
GOV.KZ
GOV.KZ
Қазақстан дәстүрлі түрде Орталық Азия елдеріне астық экспорттап келгенімен, соңғы жылдары жеткізілім бағыттары айтарлықтай кеңейді.

Қазақстан үшін азық-түлік қауіпсіздігі стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі болып отыр. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өндірісі мен астық экспорты елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы экономикалық ықпалын айқындайтын негізгі фактор саналады.

Соңғы жылдары Қазақстан астық өндіру көлемін тұрақты сақтап, сыртқы нарықтағы позициясын нығайтып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2025-2026 маркетингтік маусымының алғашқы кезеңінде елден 9,9 млн тонна астық экспортталған.

– Экспорт көлемінің артуы қазақстандық өнімге сыртқы нарықтағы сұраныстың жоғары екенін көрсетеді. Бұл дегеніміз, логистиканы дамыту мен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесі, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Министрлік дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда шамамен 25,9 млн тонна астық жиналған, оның ішінде 19 млн тоннадан астамы бидай дақылы.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аграрлық сектордағы бұл үрдістердің маңызын атап өткен болатын.

– Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім сақталды. Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да артып келеді. Бұл өндірісті әртараптандыру мен қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді министр.

Қазақстан дәстүрлі түрде Орталық Азия елдеріне астық экспорттап келгенімен, соңғы жылдары жеткізілім бағыттары айтарлықтай кеңейді.

– Бүгінде қазақстандық астық 70-тен астам елге экспортталады. Біз экспорт географиясын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Бұл бағыттағы негізгі мақсат – сыртқы тәуекелдерді азайтып, тұрақты нарық қалыптастыру. Соңғы кезеңдегі маңызды өзгерістердің бірі ретінде Қазақстанның Кавказ бағытындағы нарықтарға шығуын айтуға болады. Соның ішінде Арменияға астық жеткізу қайта жанданды. Аграрлық саясат саласындағы сарапшылардың сөзінше, бұрын Қазақстан астықты негізінен Орталық Азия елдеріне жеткізсе, қазір жаңа бағыттар ашылып жатыр. Кавказ нарығына шығу – экспорт географиясын кеңейтудің нақты мысалы. Бұл фермерлер үшін де, жалпы экономика үшін де тиімді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Армения арасындағы сауда-экономикалық байланыстар да нығайып келеді.

– Қазақстан Армениямен азық-түлік өнімдері, соның ішінде астық жеткізу бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Бұл экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді, – делінген ҚР Үкіметінің ресми ақпарат көзінде.

Астық экспортының өсуінде логистиканың рөлі ерекше. Соңғы жылдары Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі (Орта дәліз). Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бұл мәселені бірнеше рет көтерген.

– Экспортты дамытуда логистика шешуші рөл атқарады. Жаңа көлік дәліздерінің ашылуы қазақстандық өнімдерді жаңа нарықтарға жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады, – деді ол. Оның айтуынша, көлік бағыттарының әртараптандырылуы Қазақстанды өңірлік аграрлық хабқа айналдыруға жол ашады.

Азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ішкі нарықты қамтамасыз ету негізгі орында қала береді. Жиналған өнім көлемі елдің азық-түлік, жем-шөп және тұқым қажеттілігін толық өтейді. Бұл ішкі тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ салада құрылымдық өзгерістер жүріп жатыр. Фермерлер майлы дақылдарға көбірек көңіл бөліп, өндірісті әртараптандыруда.

Министр Айдарбек Сапаров бұл үрдіске де тоқталған.

– Біз тек шикізат экспорттаумен шектелмей, өңделген өнім үлесін арттыруға басымдық беріп отырмыз. Бұл агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттырады, – деді ол.

Қазақстанның астық өндірісі мен экспорты елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып отыр. Соңғы жылдары экспорт географиясының кеңеюі, оның ішінде Армения бағытының ашылуы аграрлық сектордың жаңа кезеңге өткенін көрсетеді.

Сонымен қатар бұл бағытта логистиканы дамыту, өңдеу өнеркәсібін күшейту және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау мәселелері өзекті болып қала береді.