Ұлттық ұланның баспасөз қызметі танымал әншілер Қайрат Нұртас пен Канье Уэстің концерттерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткен жас сарбаздың сұхбатын жариялады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет ететін Рамазан Болатов – Атырау облысының тумасы. 19 жастағы сарбаз бүгінде Алматы қаласында қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып жүр.
Жас сарбаз көпшіліктің назарына Қайрат Нұртастың шығармашылығына 20 жыл толуына арналған концерттен кейін іліккен. Шамамен 40 мың көрермен жиналған ауқымды шарада Рамазан өзге әскери қызметшілермен бірге қауіпсіздікті қамтамасыз еткен.
Концерт барысында Қайрат Нұртастың әніне қосыла шырқаған сарбазды көрермендердің бірі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Бейнежазба көпшіліктің қызығушылығын тудырған.
Рамазанның айтуынша, ол Қайрат Нұртастың әндерін бала кезінен тыңдап өскен және көпшілігін жатқа біледі.
«Қайраттың әндерін бала кезден жатқа білемін. Сондықтан болар, қызмет барысында онымен қосыла шырқағанымды тыңдармандардың бірі видеоға түсіріп, желіге жариялаған екен. Ертеңіне командирлерім бұл туралы маған айтты. Ата-анам да көріп, қуанып жатқан көрінеді. Қайрат Нұртастың анасы да рақмет айтып, желіде жариялапты», – дейді сарбаз.
Оның сөзінше, мұндай ауқымды концертте қоғамдық тәртіпті қадағалау өзі үшін таңсық емес. Бұған дейін де түрлі бұқаралық іс-шараларда қызмет атқарған. Тіпті әлемге әйгілі рэпер Канье Уэстің концертінде де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысқан.
«Ұлттық ұланда қызмет етудің бір жақсы жері – бұқаралық іс-шараларда, осындай танымал жұлдыздардың концерттерінде қызмет атқара жүріп, қызыққа да кенелеміз. Мысалы, бұған дейін танымал әнші Канье Уэстің де концертінде тәртіп пен ережеге тірек болдым», – дейді Рамазан Болатов.
Дегенмен жас сарбаз концерттің қызығына беріліп, негізгі міндетті ұмытуға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әскери қызметшілер үшін ең бастысы – көрермендердің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы.
«Концерт концертімен, бірақ біз ешқашан тәртіп пен заңдылықты ұмытпауымыз керек. Біз үшін іс-шараның тыныш өтіп, адамдардың қауіпсіз ән тыңдап қайтқандары маңызды. Сондықтан өзімізге жүктелген жауапкершілікті мінсіз атқаруға күш саламыз», – деді ол.
Осылайша, қызмет үстінде сүйікті әншісінің әніне қосыла шырқаған 19 жастағы ұландық сарбаз әлеуметтік желі қолданушыларының назарына ілікті. Ол көпшілік жиналған шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар, әскери қызметтің қызықты сәттері де аз емес екенін жеткізді.