$ 481.54
 553.24
 5.93

Қазіргі әскер енді сапқа тұрып, қару ұстау ғана емес...

Редактор
31.03.2026, 19:36
Кейіпкердің жеке архивінен
Кейіпкердің жеке архивінен
2024 жылдан бастап грантпен бірге стипендия да берілетін болды. Біз осы мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып пайдаландық.

Ұзақ уақыт бойы жастар арасында «әскер – уақыт жоғалту» деген түсінік қалыптасып келгені жасырын емес. Алайда соңғы жылдары бұл көзқарас түбегейлі өзгеріп жатыр. Бүгінде мерзімді әскери қызмет тек азаматтық борыш қана емес, нақты мүмкіндіктер алаңы, тіпті болашаққа салынатын инвестиция ретінде қарастырыла бастады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Бұл өзгерістің негізінде мемлекет тарапынан енгізілген жүйелі реформалар жатыр. 2023 жылдан бастап Қорғаныс министрлігі әскер мен білім арасындағы байланысты күшейтетін арнайы жобаны іске қосты. Ал 2024 жылғы өзгерістер бұл бастаманы жаңа деңгейге көтерді, енді әскери қызметін адал өтеген жастар жоғары оқу орындарына жеңілдетілген тәртіппен түсуге, мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл тек жеңілдік емес, еңбектің нақты бағалануы.

Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – астаналық Жансерік Қонысов. Ол Астана маңындағы 68665 әскери бөлімде бір жыл қызмет етіп, бүгінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде IT-киберқауіпсіздік мамандығы бойынша білім алып жүр. Жансеріктің айтуынша, әскерде жүрген сарбаздар оқуын аяқтар алдында арнайы тест тапсырады. Сол тест нәтижесіне қарай талапкерлерге мамандықтар мен жоғары оқу орындары ұсынылады. Яғни, жас сарбаз болашағын әскери қызмет барысында-ақ жоспарлап  үлгереді.

– Әскерде жүріп-ақ қай университетке түсетінімізді таңдап қойдық. 2024 жылдан бастап грантпен бірге стипендия да берілетін болды. Біз осы мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып пайдаландық. Бұған дейін мұндай жүйе болмаған, тек оқу үлгеріміне қарай қабылданатын, – дейді ол.

Алайда бұл мүмкіндіктің артында үлкен бәсеке жатыр. Мысалы, IT және ақпараттық қауіпсіздік бағытын таңдаған 15 мыңға жуық сарбаздың ішінен небәрі 2,5 мыңына ғана грант бұйырған. Бұл жүйенің шынайы бәсекеге негізделгенін көрсетеді.

– Бізге бұл туралы тестке аз уақыт қалғанда ғана айтылды. Көп адам мұндай мүмкіндік барын білмейді. Сондықтан ақпараттық түсіндіру жұмыстары ертерек жүргізілуі керек, – дейді Жансерік.

Бұл пікір қазіргі жүйенің тағы бір маңызды қырын көрсетеді: мүмкіндік бар, бірақ оны дер кезінде білу өз алдына бөлек мәселе. Жалпы, жаңа модельдің басты ерекшелігі әділдік пен ашықтық екенін ұққан жөн. Бұрынғыдай «таныс арқылы» немесе формалды көрсеткіштермен емес, әр сарбаздың нақты нәтижесі бағаланады. Жауынгерлік дайындық, тәртіп, белсенділік, психологиялық тұрақтылық, оқу қабілеті, барлығы есепке алынады. Ең маңыздысы, процесс толық цифрландырылған. Бұл адам факторын барынша азайтып, шешім қабылдауда объективтілікті қамтамасыз етеді. Яғни, кім еңбек етті, сол мүмкіндік алады деген қағида қалыптасып келеді.

Бұдан бөлек, әскери оқу орындарын таңдағандар үшін жағдай тіпті қолайлы. Конкурстан өткен сарбаздар емтихансыз қабылданып, арнайы квотамен оқуға түседі. Бұл әскери мансапты таңдаған жастар үшін қосымша мотивация.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер тек білім беру жүйесіне емес, жалпы қоғамға да әсер етеді. Біріншіден, жастардың әскерге деген көзқарасы өзгереді. Екіншіден, еңбек пен тәртіптің нақты нәтижесі бар екеніне сенім артады. Үшіншіден, мемлекет үшін де бұл адами капиталды дамытудың тиімді құралы. Әскер енді тек сапқа тұрып, бұйрық орындаумен шектелмейді. Ол тәртіп мектебі ғана емес, мүмкіндіктер алаңы. Бұл жерде жастар өзін сынап, қабілетін шыңдап қана қоймай, болашақ кәсібіне жол аша алады.

Жансерік сияқты мысалдар осы өзгерістердің нақты дәлелі дер едік. Кеше ғана әскери форма киген сарбаз бүгінде IT саласының маманына айналып отыр. Бұл – жеке адамның жетістігі ғана емес, жүйелі саясаттың нәтижесі.