$ 464.86
 544.03
 6.14

Қазақстанда балалар лагерьлері жазғы маусымға қалай дайындалып жатыр?

Редактор
18.03.2026, 14:56
GOV.KZ
GOV.KZ
Сарапшылар лагерьлердің басым бөлігі ескірген инфрақұрылымда жұмыс істейтінін айтады.

Қазақстанда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр. Бір жағынан лагерьлер саны азайып, инфрақұрылым тозса, екінші жағынан салада жаңа талаптар енгізіліп, лицензиялау процесі басталып кетті. Ресми деректерге қарағанда, соңғы 30 жылда елдегі балалар лагерьлерінің саны екі еседен астам қысқарған. Қазір шамамен 200-ден астам лагерь жұмыс істейді, оның басым бөлігі тек жаз мезгілінде ғана қызмет көрсетеді. Ал қала сыртындағы толыққанды демалыспен қамтылған балалар үлесі небәрі 5-6 пайыз шамасында ғана.

Қазақстандағы балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов бұл көрсеткіштің төмен екенін айтады.

– Бұл өте төмен көрсеткіш. Биыл одан да аз болуы мүмкін. Әлеуметтік осал топтарға арналған демалысты қаржыландыру қысқарып жатыр. Ал ресми статистикада мектеп жанындағы алаңдар да есепке алынады, бірақ олар толыққанды лагерь демалысын алмастыра алмайды, – дейді ол.

Өңірлерде жазғы маусымға дайындық аясында лагерьлермен қатар мектеп жанындағы алаңдар мен қосымша білім беру ұйымдары іске қосылып жатыр. Мәселен, Ақмола облысында 14 лагерь жұмыс істеп, жүздеген мектеп алаңы ашылады. Жалпы өңірде 130 мыңнан астам оқушы түрлі демалыс және бос уақыт форматтарымен қамтылмақ. Сонымен қатар салада маңызды жаңашылдық енгізілді. Биылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда балалар лагерьлерін міндетті лицензиялау тәртібі күшіне енді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және білім беру-сауықтыру қызметтері мәселелері туралы» заңға сәйкес, кәмелетке толмағандарға білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдар лицензиялануға тиіс. Лицензияның мерзімі – 5 жыл.

Жаңа талаптарға сәйкес лагерьлердің қызметі бірқатар бағыт бойынша қатаң реттеледі. Атап айтқанда, білім беру-сауықтыру бағдарламаларының сапасы, педагог кадрлардың біліктілігі, материалдық-техникалық база, санитарлық-эпидемиологиялық қорытындының болуы, балалардың тұру жағдайы, тамақтандыру, медициналық қызмет және қауіпсіздік мәселелері толық қамтылады.

– Лицензиялау жүйесі қызмет сапасын арттырып, қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Бұл талаптарға сай келмейтін ұйымдардың нарыққа кіруін шектеуге мүмкіндік береді, – деді Серік Жұманғарин.

Сонымен бірге лицензия беру процесі электронды форматқа көшіріліп, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіне өзгерістер енгізілуде. Бұдан бөлек, білім беру-сауықтыру бағдарламаларын бекіту қағидалары мен қосымша білім беру ұйымдарының қызметін реттейтін құжаттар жаңартылмақ. Алайда саладағы жүйелі мәселелер әлі де өзекті. Сарапшылар лагерьлердің басым бөлігі ескірген инфрақұрылымда жұмыс істейтінін айтады.

– Асхана жабдықтарын жаңартудың өзі бір лагерь үшін шамамен 20 млн теңге тұрады. Мұндай шығынды кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаусыз көтере алмайды. Соның салдарынан кейбірі бизнесті тоқтатуға мәжбүр, – деді Қайрат Сұлтанов.

Қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Лагерьлерге бейнебақылау, күзет, дабыл жүйелері міндеттелгенімен, бірқатар талаптар нақты реттелмеген. Сонымен қатар лагерьлердің шамамен 75 пайызында тұрақты интернет жоқ, ал 30 пайызында байланыс мүлде жоқ.

– Кей лагерьде ата-анамен де, төтенше қызметтермен де байланысу мүмкін емес. Сондықтан спутниктік интернет енгізу қажет, – дейді сарапшы.

Тағы бір өзекті мәселе, салада бірыңғай ақпараттық платформаның болмауы. Бұл ата-аналарға лагерьлер туралы толық мәлімет алуға кедергі келтіріп, заңсыз нысандардың пайда болуына жол ашып отыр. Баға мәселесі де маңызды. Қазіргі таңда мемлекеттік лагерьлерде жолдама құны 45-70 мың теңге болса, жекеменшік лагерьлерде 70 мыңнан 250 мың теңгеге дейін жетеді. Орташа есеппен бір маусымның құны 110-180 мың теңге аралығында.

Сарапшылардың пікірінше, лицензиялау жүйесінің енгізілуі саладағы тәртіпті күшейтіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алайда бұл тек алғашқы қадам.

– Бізде талаптар күшейіп жатыр, бірақ қолдау жеткіліксіз. Сондықтан салаға кешенді реформа қажет. Бұл – балалардың қауіпсіздігі мен болашағына қатысты мәселе, – деді Қайрат Сұлтанов.