$ 464.86
 544.03
 6.14

Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясы қалай ілгерілеп жатыр?

Редактор
18.03.2026, 13:56
АШМ
АШМ
Мамандардың пікірінше, алдағы кезеңде кооперацияны дамыту заңнамалық тұрғыда жүйеленіп, мемлекеттік қолдау тетіктері одан әрі жетілдірілуі тиіс. 

Қазақстанда соңғы жылдары ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту қарқын алып, бұл бағыт агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды тіректерінің біріне айналып отыр. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, соңғы бес жылда елдегі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 53 пайызға артып, бүгінде 4,5 мыңға жуықтағанын көреміз.

Бұл өсім тек сандық көрсеткішпен шектелмейді. Кооперативтер құрамындағы өндіріс көлемі екі есеге жуық ұлғайып, мал басы 52,5 пайызға көбейген. Сарапшылар мұндай оң динамиканы, ең алдымен, мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюімен байланыстырады. Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы бұл үрдістің ел экономикасы үшін маңызын былай түсіндіріп берді:

– Соңғы бес жылда тіркелген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 53 пайызға өсіп, шамамен 4,5 мыңға жетті. Бұл құрылымдарда өндіріс көлемі екі есеге жуық артса, мал басы 52,5 пайызға көбейді. Мұндай нәтижеге, ең алдымен, мемлекеттік қолдау шараларының кеңеюі әсер етті. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген қаржыландыру мен кооперативтерді тіркеу рәсімдерінің оңтайландырылуы оң ықпал етті. Қазіргі таңда Үкімет кооперацияны дамытуға бағытталған кешенді ынталандыру шараларын іске асырып жатыр, – деді ол.

Бүгінде Қазақстанда 1,6 миллион жеке қосалқы шаруашылық бар екен. Олар елдегі сүттің 61 пайызын және еттің 44 пайызын өндіреді. Бұл көрсеткіштер жеке қосалқы шаруашылықтың ауыл экономикасындағы рөлін айқын көрсетеді. Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, дәл осы сектор кооперацияны дамыту үшін толық пайдаланылмай отырған әлеует болып саналады. Негізгі мәселенің бірі – өнім өткізудің тұрақты тетіктерінің жеткіліксіздігі.

Жеке қосалқы шаруашылық санының көптігі мен өндіріс көлемінің жоғары болуы кооперацияны дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Алайда бұл үшін «якорь» деп аталатын негізгі тірек қажет. Яғни, өнімді тұрақты қабылдайтын өңдеуші кәсіпорын немесе ірі нарық ойыншысы болуы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылық өндіріс көлемін қамтамасыз етсе, қайта өңдеу кәсіпорындары өткізу нарығын қалыптастырады, ал кооперативтер осы екеуін байланыстыратын негізгі буынға айналады. Соңғы жылдары елімізде дәл осындай «якорлық кооперация» моделі қалыптаса бастады. Ендігі міндет – осы қатынастарды заңнамалық тұрғыда нақты реттеу, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Негізі, бұл салада жүйелі мәселелер де жоқ емес. Олардың қатарында халық арасында кооперацияның артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, басқарушылық құзыреттердің әлсіздігі және қаржылық ресурстарға қолжетімділіктің шектеулігі бар. Сонымен қатар кооперативтердің негізгі міндеті тек өндірісті ұлғайту емес, сонымен бірге сервистік қызметтерді дамыту, өнімді бірлесіп өңдеу және нарыққа тиімді шығару екені атап өтіледі.

Мамандардың пікірінше, алдағы кезеңде кооперацияны дамыту заңнамалық тұрғыда жүйеленіп, мемлекеттік қолдау тетіктері одан әрі жетілдірілуі тиіс. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.