Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерде сақталған депозиттердің жалпы көлемі 50 трлн теңгеден асты. Оның жартысынан көбі жеке тұлғалардың жинақтарына тиесілі, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі депозиттердің жалпы көлемі 50,2 трлн теңгені құраған.
Оның ішінде жеке тұлғалардың депозиттері 28,5 трлн теңгеге, ал заңды тұлғалардың депозиттері 21,6 трлн теңгеге жеткен.
Ресми деректерге сәйкес, тамыз айында депозиттердің жалпы көлемі 1,5 пайызға төмендеген. Алайда жыл басынан бері бұл көрсеткіш 4,5 пайызға өскен.
Депозиттер банктер үшін қаржы тартудың негізгі көздерінің бірі саналады. Жеке тұлғалардың салымдары халықтың жинақ қаражатын қамтыса, заңды тұлғалардың депозиттеріне кәсіпорындар мен ұйымдардың банктерде орналастырған ақшасы кіреді.
Айта кетейік, 50,2 трлн теңге – тек азаматтардың жеке жинағы емес, жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін біріктіретін жалпы көрсеткіш.