Қазақстандық әнші Тамара Асар шетелде ем алып жатқанын айтып, қайта жүріп үйреніп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялаған. Оның айтуынша, соңғы үш күннен бері қайтадан тәй-тәй басып, жүріп үйреніп жүр.
«Шетелдемін. Алла сәтін салса. Үш күннен бері қайтадан тәй-тәй басып, жүріп үйреніп жатырмын. Отырған орыннан көтеріліп, мұп-мұздай болған аяққа дұрыс міну – жетістік», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ Тамара Асар тепе-теңдікті сақтап, бойды тік ұстаудың өзі үлкен жеңіс екенін жеткізді.
Өнер иесі әрбір қадамның артында үлкен еңбек пен төзім жатқанын атап өтті.
«Бір қадамды мың рет тынбай қайталау – еңбек. Ауырсынуға қарамай алға ұмтылу – жеңіс. Ал әрбір басқан қадам ойдағыдай нық болса, бұл – жеміс», – деді ол.
Сонымен қатар әнші тәні мен жанын Аллаға тапсырып, сабырмен күресудің рахат екенін айтып, өмірді спортпен салыстырды.