Семейдегі "Жас Ұлан" ерлер мектебінде әлімжеттіктің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Абай облыстық білім басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz Sputnik-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға осыдан екі жыл бұрын болған.
"Әлеуметтік желіде тараған видеода "Жас ұлан" ерлер мектебін 2025 жылы бітірген 111-взвод ұланын оның сыныптасы мойнынан қолымен қапсыра ұстағаны көрініс тапқан. Оқушының айтуынша, видео 2023 жылы түсірілген", - дейді облыстық білм басқармасы.
Мектеп түлегі бұл "достар арасындағы әзіл" екенін, бір-бірімен қалжыңдасқанын атап өткен.
"Сол уақытта мектеп ұжымы жағдайды біліп, балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Оқушылар бір сыныпта оқыған және 2025 жылдың мамыр айында лицейді аяқтаған. Қазіргі уақытта олардың біреуі Павлодар қаласында, ал екіншісі Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде оқып жатыр", - дейді ведомство.
Абай облысы білім басқармасы "Жас Ұлан" тәрбиеленушілері әрдайым лицей басшылығының назарында болатынын атап өтті.