Астанадағы стоматологиялардың бірінде 3 жасар қыз қаза тапты. Бала седациядан кейін оянбай қалған. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, 21 қарашада сот отырысы басталды, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, ем кезінде медициналық стандарттар сақталмаған. Баланың миы ісіп, жүрегі тоқтаған. Егер мамандар бірден бүкіл тісті емдеуге тырыспағанда, бала аман қалуы мүмкін еді дейді. Ал дәрігерлер емшараның қауіпсіз екеніне сендірген.
"9-да басталған емшара түскі екіге дейін созылған. Жұбайым хабарласып, бала оянбай жатыр, жедел-жәрдем келді деді. 40-45 минут бойы баланың есін жидырмақшы болып, алғашқы көмек көрсеткен. Кейін бізге баланың жүрегі тоқтап, миы ісіп кеткенін жеткізді", - дейді марқұмның әкесі Талғат Құмаров.
Телеарна мәліметінше, тексеру кезінде клиникада мерзімі өткен дәрілер, сертификатсыз препараттар қолдану және ұзақ седация стандарттарын бұзу жағдайлары анықталған. Сапаны бақылау департаменті мен кешенді сот сараптамасы анестезиолог пен стоматологтың қателігін көрсеткен, бірақ тек анестезиолог тергеліп, стоматолог әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып жатыр дейді жәбірленуші тарап. Олар барлық дәрігердің жауапқа тартылуын талап етеді. Алғашқы сот отрысы адвокаттың келмеуіне байланысты кейінге қалдырылды.
Ё"Іс анестезия маманына қатысты. Біз оны жұмыстан шығардық. Мен ол жерде болған жоқпын, ештеңе деп сізге пікір білдіре алмаймын. Өйткені өзім де нақты ештеңені білмеймін", - дейді клиника директоры Надежда Хон.