Спорт

«Жәнібек барлық титулынан айырылуы мүмкін»: Берік Сұлтан күтпеген мәлімдеме жасады

09:42, 23 желтоқсан 2025 91

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты туындаған допинг дауына байланысты оның менеджері Берік Сұлтан алғаш рет кең көлемде пікір білдірді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Менеджердің айтуынша, қазіргі таңда бұл іске қатысты түпкілікті шешім шықпаған. Сондықтан чемпиондық белбеулерден айыру немесе спортшыны белгілі бір мерзімге шеттету туралы айту әлі ерте.
Берік Сұлтан жанкүйерлерге арнайы үндеу жасап, қолдау білдіріп жатқан баршаға алғысын жеткізді. Оның сөзінше, жағдайдың қалай өрбитіні көпшілікті алаңдатып отыр.

«Біздің қателігімізге қуанып, мансабымыз аяқталды деп жатқандар бар. Алайда өз жанкүйерлеріміз бізді қолдап, кінәсіз екенімізге сеніп отыр. Бұл біз үшін өте маңызды», – деді ол.

Менеджер бұл даудың команда үшін күтпеген жағдай болғанын атап өтті. Оның айтуынша, дайындық барысында VADA тарапынан алынған алғашқы зәр мен қан сынамалары таза шыққан. Команда әрдайым таза спортты қолдайтынын және бұл ұстанымынан айнымағанын айтады. Себебі Жәнібекке тек Қазақстанда емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас спортшылар үлгі тұтады. Сынама нәтижелері әлеуметтік желілерде де жарияланған.

Араға уақыт салып, мамандар қайта келіп, тек зәр сынамасын алған. Ұшуға бірнеше күн қалғанда осы мәселе хабарланып, команда үшін бұл жағдай күтпеген жаңалық болған.

Берік Сұлтан екі сынаманың арасында спортшының дайындығында ешқандай өзгеріс болмағанын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, тағам рационы да, витаминдер де сол күйінде қалған. Қолданылған барлық қоспалар спортшыларға рұқсат етілген. Тіпті витаминдердің өзі тексерістен өтіп, таза екені анықталған. Алайда бұл жағдайдың қалай орын алғанына әлі күнге дейін нақты жауап жоқ.
Соған қарамастан, команда Жәнібек Әлімханұлының кінәсіз екеніне толық сенімді. Менеджер B сынаманың нәтижесі соны дәлелдейді деп үміттенетінін жеткізді.

Оның айтуынша, оң нәтиже шықса, мансапты жалғастырып, чемпиондық титулдарды сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Дегенмен, жағымсыз шешім де жоққа шығарылмайды. Егер сынама оң нәтиже көрсетсе, боксшы WBO және IBF белбеулерінен айырылып, жарты жыл немесе бір жылға дисквалификация алуы мүмкін. Бірақ Берік Сұлтан мұндай жағдайда да берілмейтіндерін айтты. 

Оның сөзінше, Жәнібек небәрі 33 жаста, ал Теренс Кроуфорд 38 жасында Сауль «Канело» Альваресті жеңген. Сондықтан алда алынбаған асулар көп.
Қазіргі уақытта Жәнібек Әлімханұлы Қазақстанда жүр.

«Қазір елдеміз, өз-өзімізге келіп жатырмыз», – деп түйіндеді менеджер.

Алдағы күндері ашылатын B сынамасы қазақстандық боксшының болашағын айқындайды. Бұл тек бір жекпе-жектің емес, тұтас чемпиондық жолдың тағдырын шешетін сәт болмақ.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз