$ 464.86
 544.03
 6.14

Индустриялық-инновациялық даму кадр мен технологиядан басталады – сарапшы

Редактор
15.03.2026, 21:54
Анар Сайлаубекқызының жеке архивінен
Анар Сайлаубекқызының жеке архивінен
 Әлемдік баға өзгерсе немесе климаттық жағдай нашарласа, бұл өңір экономикасына тікелей әсер етеді. Сондықтан экономиканы әртараптандыру – негізгі міндеттердің бірі. 

Ақмола өңірінде индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және заманауи өзгерістерге бейімделу мәселесі өзекті болып отыр. Осы тақырыпта сарапшы Анар Сайлаубекқызымен сұхбаттасқан едік.

– Ақмола облысының ерекшелігін ескерсек, индустриялық дамуды жеделдетуде қай бағыттарға басымдық беру қажет?

– Ақмола облысы үшін бұл үш бағыттың бәрі маңызды. Алайда өңір ерекшелігін ескерсек, басымдықты кадр даярлау мен технология трансферіне беру қажет деп санаймын. Себебі облыс экономикасында агроөнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, машина жасау, құрылыс материалдары және кен өндіру салалары маңызды орын алады. Осы салаларға заманауи технология енгізілсе, өнім сапасы мен еңбек өнімділігі айтарлықтай артады.

Мысалы, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу, ақылды суару жүйелері, цифрлық логистика, автоматтандырылған өндіріс желілері сияқты шешімдер өңір үшін өте өзекті. Бірақ мұның бәрін іске асыратын негізгі күш – білікті мамандар. Сондықтан Көкшетау қаласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарын кәсіпорындармен тығыз байланыстырып, дуальды білім беру жүйесін күшейту қажет.

Инвестициялық ынталандыру да маңызды. Бірақ ол жай ғана жеңілдік түрінде емес, нақты нәтиже беретін механизм болуы тиіс. Яғни жаңа технология әкелетін, жергілікті кадр даярлайтын және экспортқа өнім шығаратын инвесторларға бағытталғаны дұрыс.

– Өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін толық пайдалану үшін қандай нақты қадамдар қажет?

– Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті жоғары. Әсіресе азық-түлік өндірісі, ұн тарту, ет-сүт өнімдері, құрылыс материалдары және машина жасау салаларында мүмкіндіктер жеткілікті. Дегенмен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жүйелі қадамдар қажет.

Біріншіден, шикізатты терең өңдеу үлесін көбейту керек. Облыс астықты аймақ ретінде тек бидай сатумен шектелмеуі тиіс. Дайын тағам өнімдерін, крахмал, макарон, мал азығын, биоөнімдерді көбірек шығаруға көшу – уақыт талабы.

Екіншіден, логистиканы дамыту маңызды. Ақмола облысының Астанаға жақын орналасуы – үлкен артықшылық. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өңірді елорданың азық-түлік және өндірістік хабына айналдыруға болады.

Үшіншіден, шағын және орта бизнесті өндірістік тізбекке тарту қажет. Ірі кәсіпорындардың айналасында қосалқы бөлшек, қаптама, сервистік қызмет көрсететін шағын бизнес дамуы тиіс. Бұл жалпы өндірістің тұрақтылығын арттырады.

– Жаһандық нарықтағы өзгерістер жағдайында өңір экономикасы қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін?

– Ақмола облысы үшін негізгі тәуекелдердің бірі – ауыл шаруашылығы мен шикізатқа тәуелділік. Әлемдік баға өзгерсе немесе климаттық жағдай нашарласа, бұл өңір экономикасына тікелей әсер етеді. Сондықтан экономиканы әртараптандыру – негізгі міндеттердің бірі.

Екінші тәуекел – кадр тапшылығы және жастардың ірі қалаларға көшуі. Бұл мәселені шешу үшін өңірде сапалы жұмыс орындарын көбейтіп, техникалық мамандықтардың беделін арттыру қажет.

Үшінші тәуекел – технологиялық артта қалу. Егер кәсіпорындар уақытында жаңғыртылмаса, сыртқы нарықтағы бәсекеге төтеп беру қиын болады. Сондықтан цифрландыру, автоматтандыру және энергия тиімділігіне инвестиция салу маңызды.

Төртінші тәуекел – логистикалық өзгерістер мен сыртқы нарықтардағы бәсеке. Осыған байланысты кәсіпорындар тек ішкі нарықпен шектелмей, көрші өңірлер мен экспорт бағыттарына да бейімделуі тиіс.

Жалпы алғанда, Ақмола облысының артықшылықтары жеткілікті. Елордаға жақындығы, ауыл шаруашылығы әлеуеті, табиғи ресурстары және туристік мүмкіндіктері бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді жоғары қосылған құнды экономикаға айналдыру.

– Әңгімеңізге рахмет!