Бүгін, 7 қазанда Қазақстанның халық әртісі, белгілі актер әрі режиссер Досқан Жолжақсынов 75 жасқа толды. Саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған өнер иесі театр мен кинода 200-ден астам образ сомдаған, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Досқан Жолжақсынов 1951 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген. Алматыдағы Құрманғазы атындағы өнер институтын тәмамдағаннан кейін Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп, кейін осы театрға жетекшілік етті.
Көрермен актерді «Гауһартас», «Көшпенділер», «Біржан сал» секілді көптеген кинотуындыдағы рөлдері арқылы жақсы таниды. Ол актерлікпен қатар режиссерлік салада да еңбек етіп, қазақ киносы мен театр өнерінің дамуына үлес қосты.
Досқан Жолжақсыновтың шығармашылық жолында «Біржан сал» фильмінің орны ерекше. Туындыда ол басты рөлді сомдап қана қоймай, режиссер ретінде де жұмыс істеді.
Өнердегі көпжылдық еңбегі үшін Досқан Жолжақсынов Қазақстанның халық әртісі атағына ие болып, бірқатар мемлекеттік марапатпен наградталған. Бүгінде ол қазақ театр және кино өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі саналады.