Аймақ

Ғани Майлыбаев Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

12:06, 06 қазан 2025 292

Алматы облысы әкімінің өкімімен Ғани Айдарұлы Майлыбаев 2025 жылғы 3 қазаннан бастап Алматы облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды, - деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Бұған дейін 2020 жылдың желтоқсанынан бастап ол Алматы қаласы Мәдениет басқармасын басқарды. Сол уақытта мәдениет саласында жүйелі жаңғырту жүргізілді.

Нақтырақ айтсақ, Алматыдағы қалалық кітапханалардың 97%-ы модернизациядан өтті. Материалдық және техникалық база толық жаңартылды. Қазақстанда алғаш рет кітапханалар тәулік бойы (24/7) форматында жұмыс істей бастады. Қалалық кітапханаларда жұмысты  автоматтандыру процесі аяқталды.

Музей саласында да елеулі өзгерістер болды. Кең ауқымды реэкспозиция жүргізіліп, музей қорындағы экспонаттардың 90%-дан астамы цифрландырылды. Сәбит Мұқановтың және Нұрғиса Тілендиевтің мемориалдық музейлері толық жаңартылды. Райымбек батыр мемориалдық музей кешенінің құрылысы басталды. Сондай-ақ, Алматы әкімдігіне қарасты музейлерге еліміздегі барлық мектеп оқушылары тегін кіретін болды.

Түрксой халықаралық ұйымы Алматыдағы қалалық музейлердің жұмысын Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және Қазақстан музейлері арасында үздік деп танып, марапаттады. Қалалық музейлер шетелдік әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, алғаш рет Париж, Ыстамбұл, Сеул, Прага, Неаполь, Вена сияқты әлемнің ірі қалаларында көшпелі көрмелер өткізді. Алматы музейлер бірлестігінің қызметкерлері Франциядағы мамандармен бірлесе отырып, Боралдай сақ қорғандарында геосканерлеу жұмыстарын жүргізді.

Соңғы он жылда алғаш рет Алматы қаласының мемлекеттік архивінде модернизациядан өтіп, техникалық базасы толық жаңартылды. Сол сияқты театр саласында да оң өзгерістер басталды. Яғни соңғы 10 жылда Қуыршақ театрында алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жаңа ғасыр» жастар театрына арналған жаңа театр ғимаратын салу бойынша жобалау жұмыстары басталды. Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театры жаңғыртудан өтуде.

Кадр даярлау ісіне де ерекше мән берілді. 300-ден астам мәдениет қызметкері Франция, Германия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Түркия, Аустрия, Мажарстан және Грузия сияқты елдердің жетекші мәдени орталықтарда оқыту мен тағылымдамадан өтті. Олардың қатарында кітапханашылар, архивистер, музейтанушылар, цирк және театр артистері, зообақ қызметкерлері бар.

Қазақ мемлекеттік циркі халықаралық гастрольдерін қайта бастады. Соңғы үш жыл қатарынан Алматыда Франция, Германия, Қытай, Вьетнам, Аргентина, Эфиопия, Бельгия, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да елдерден келген акробаттар, әуе гимнастары, жонглерлер, клоундар, эквилибристер мен өзге де өнерпаздардың қатысуымен халықаралық цирк фестивалі өткізілуде. Дәл осындай форматтағы фестивальдерді Қуыршақ театры да жыл сайын ұйымдастырып, қуыршақ өнерінің халықаралық беделін арттырып келеді. Цирк пен Қуыршақ театрындағы артистер шет елдерде халықаралық фестивальдерге қатысып, гран-при деңгейіндегі үлкен марапаттарды жеңіп алды. 

Қалалық мерекелік іс-шараларды өткізуде жаңа формат қолға алынды. Ауқымды концерттік бағдарламалар бір сағат қана емес, күні бойы немесе бірнеше күн қатарынан open air форматында ұйымдастырылып жүр. Бұл — көрерменді барынша көп қамтуға және мәдени шараларды қала тұрғындары мен туристерге қолжетімді етуге мүмкіндік берді.

Қалалық театрлар мен шығармашылық ұжымдар мегаполистің үлкен сахналарында жиі өнер көрсетіп, Алматының заманауи мәдени келбетін қалыптастыру бағытында белсенді жұмыс істей бастады.

Жеке сектор және ивент-индустрия өкілдерімен ынтымақтастық аясында Алматыда Jennifer Lopez, Backstreet Boys, 50 Cent, Akon, Lara Fabian, Nicole Scherzinger, Ne-Yo, Tarkan, Arash, Blue, C.C. Catch, Jason Derulo сияқты әлемдік жұлдыздардың концерттері өтті.

Қаланың мәдени тартымдылығы мен туристік әлеуеті айтарлықтай артты. Бұл Алматының мәдени туризм орталығы ретіндегі беделін күшейтті.

Айта кетейік, Ғани Айдарұлы 1987 жылы туған. 2008 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады. 2010 жылы осы оқу орнында «Құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2018 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын «Аймақтық және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 2008 жылы бастаған. Әр жылдары Алматы қаласы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ Жамбыл облысы туризм басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз