«Әділет» партиясы ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен Іскерлік кеңес құрды. Бұл туралы партия төрағасы Айбек Дәдебай көлік-логистика саласының өкілдерімен өткен кездесуде мәлімдеді. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, ірі компаниялар мен салалық бірлестіктердің басшылары қатысты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Кездесуде Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің негізгі бағыттарының бірі ретінде айқындаған көлік-логистика саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Айбек Дәдебайдың айтуынша, тұрақты экономикалық даму үшін мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасында үздіксіз диалог қажет.
«Біз үшін бизнес – тұтас экономиканың қозғаушы күші. Кәсіпкерлер тәуекелге барып, жаңа іс бастайды, өндіріс ашады, елді алға бастайды. Әрбір кәсіпорын – бұл жаңа жұмыс орындары, отбасылардың табысы, бюджетке түсетін салық деген сөз», – деді партия төрағасы.
Ол Іскерлік кеңестің кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, ортақ шешімдер әзірлейтін тұрақты алаңға айналатынын атап өтті.
Кездесуде Қазақстанның Еуразиядағы көлік-транзиттік хаб ретіндегі әлеуеті де сөз болды. Былтыр сала 20,4%-ға өсіп, жалпы ішкі өнімдегі үлесі 6,1%-ға жеткен. Ал транзиттік тасымал көлемі 39 миллион тоннадан асқан.
Айбек Дәдебайдың пікірінше, көлік пен логистика тек инфрақұрылым ғана емес, экономикалық өсімнің жаңа драйверіне айналып келеді.
«Транзит енді тек жолдар, теміржолдар мен терминалдар мәселесі ғана емес. Ол өз табысы, жұмыс орындары, экономикалық өсімге қосатын үлесі бар дербес экономика саласына айналып келеді», – деді ол.
«Қазақстан Автокөлікшілер Одағы» ЗТБ атқарушы директоры Мұрат Амрин де көлік бизнесі партиямен тұрақты ынтымақтастыққа мүдделі екенін айтты.
«Көлік бизнесі “Әділет” партиясының бағытын қолдайды, себебі ол әділдік, ашық диалог және кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді іс жүзінде шешу қағидаттарына негізделген», – деді Мұрат Амрин.
Кездесу барысында теміржол тарифтерін қалыптастыру, инвестиция тарту, халықаралық автомобиль тасымалдарын дамыту, жүк авиациясы және саланы цифрландыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестік моделіне ерекше назар аударылды.
«Мемлекет базалық инфрақұрылымды дамытып, ереже белгілейді, ал бизнес инвестиция салады, қызмет көрсетеді және жүк ағыны үшін бәсекеге түседі», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Іскерлік кеңестің тұрақты жұмысы үшін экономиканың түрлі салаларын қамтитын жеті тең төраға бекітілді. Олардың қатарында Андрей Лаврентьев, Бағдат Мусин, Геннадий Зенченко, Рустам Жүрсінов, Айжан Балакешова, Инна Апенко және Шахмұрат Мүтәліп бар.
Кездесу қорытындысында партия төрағасы Іскерлік кеңес кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканың түрлі салалары бойынша ұсыныстар әзірлеуге және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға арналған тұрақты жұмыс алаңы болатынын мәлімдеді.