Кәсіби мереке қарсаңында Түркістан облысында бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдеріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан баспана кілті табысталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Президенттің тапсырмасына сәйкес, елімізде республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының ғана емес, өңірлік журналистердің де әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастама жүзеге асырылуда. Осыған орай Түркістан облысының бұқаралық ақпарат құралдары саласында еңбек етіп жүрген азаматтар жаңа баспаналы болды.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының атынан жаңа пәтерлердің кілтін табыстап, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Президент тапсырмасы аясында Түркістан облысында баспанаға ие болғандардың бірі – «24KZ» телеарнасының Түркістан облысындағы телеоператоры Ерболат Әбішов. Көп жылдық ақпарат саласындағы еңбегімен танылған телеоператорға Түркістан қаласынан қажетті жиһазбен жабдықталған жаңа пәтердің кілті табысталды.
Ерболат Әбішов еңбек жолын 2000 жылы Қазығұрт аудандық телеарнасында бастап, кейін облыстық және республикалық телеарналарда қызмет атқарды. 2012 жылдан бері «Хабар» агенттігінің Түркістан облысындағы телеоператоры ретінде ел өміріндегі маңызды оқиғаларды кәсіби деңгейде көрерменге жеткізіп келеді. Оның көпжылдық тәжірибесі мен адал еңбегі әріптестері арасында жоғары бағаланады.
Екінші баспана Созақ аудандық қоғамдық-саяси «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаевқа табысталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі Нұрсұлтан Шертаев 13 жылдан бері аудандық басылымда табысты еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық өмірі мен елдік бастамаларды тұрақты түрде насихаттап келеді. Президент бастамасы аясында ол туған өлкесі – Созақ ауданынан баспаналы болды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегін әрдайым жоғары бағалап келеді. Бүгін Мемлекет басшысының атынан өздеріңізге баспана кілтін табыстау – зор мәртебе. Бұл – журналистердің қоғамдағы рөлін айқындайтын, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдау. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз жемісті болып, қаламдарыңыз мұқалмасын. Сіздерге шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де баспана беру туралы шешім қабылдануы – ақпарат саласы мамандарының еңбегіне көрсетілген зор құрметтің әрі мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі.
Бұл бастама журналистердің әлеуметтік әл-ауқатын арттырумен қатар, олардың кәсіби қызметіне жаңа серпін беріп, ел дамуы жолындағы жауапты міндеттерді сапалы атқаруына берік негіз қалайды.