Агроөнеркәсіп кешенінің бүгінгі жай-күйі, оның дамуын тежеп отырған негізгі факторлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жерді тиімді пайдалану және кадр тапшылығы мәселелері қазіргі таңда өзекті тақырыптардың қатарына кіреді. Бұл сұхбатта Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев саланың жүйелік проблемаларына тоқталып, қаржыға қолжетімділік, мемлекеттік қолдау тетіктері, аграрлық саясаттың басым бағыттары жөнінде пікір білдіреді. Сонымен қатар жер қатынастары, цифрландыру, ауыл шаруашылығының инвестициялық тартымдылығы мен ұзақ мерзімді тәуекелдері жан-жақты талданады.
– Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ең үлкен кедергі не? Қаржы ма, техника ма, әлде кадр тапшылығы ма?
– Менің ойымша, бұл жерде негізгі мәселе техникада емес. Басты түйткіл – қаржы мәселесі. Жалпы ауыл шаруашылығын дұрыс түсіну үшін, ең алдымен, осы саладағы пайда табу деңгейін басқа салалармен салыстыру қажет. Мысалы, бізде ауыл шаруашылығында халықтың шамамен 12 пайызы жұмыс істейді. Бұл – үлкен нарық. Алайда сол саладағы адамдардың табысын, жалақысын көтеру қажет пе, әрине, қажет. Бірақ құрылыс немесе телекоммуникация салаларымен салыстырғанда, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндердің жалақысы өте төмен.
Бұл, ең алдымен, табатын пайдаға байланысты. Егер фермерлер тұрақты әрі жоғары табыс тапса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Сондықтан бұл жерде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауды күшейту қажет.
Бірінші кезекте электр энергиясы мен газ тарифтерінің бағасын арзандату керек. Бұл – шығындарды азайтады деген сөз.
Екінші маңызды мәселе – агрохимия. Ауыл шаруашылығында гербицидтер мен басқа да химиялық өнімдер кеңінен қолданылады. Бірақ олардың бағасы қымбат. Қазіргі беріліп жатқан субсидиялардың тиімділігі де жоғары емес. Біз отандық өндірісті дамыту қажет дейміз, бірақ оның бағасы қолжетімді деңгейде емес. Қазір қолданылатын химиялық өнімдердің басым бөлігі импортпен келеді. Сондықтан осы бағытта отандық өндірісті жолға қойып, бағасын арзандату қажет.
Үшінші мәселе – жанар-жағармай. Бұл да үлкен шығындардың бірі. Қазір арзан бағамен беріледі деп айтылып жүр, бірақ бұл жеткіліксіз. Нақты қолдау болуы үшін жанар-жағармай бағасы кем дегенде қазіргі деңгейден екі есе төмен болуы тиіс.
Келесі маңызды мәселе – қаржының қолжетімділігі. Кез келген фермер инвестиция салып, жұмыс істеуі үшін қаржы қажет. Ауыл шаруашылығында экстенсивті және интенсивті технологиялар бар. Ал тұрақты әрі жоғары пайда негізінен интенсивті технологиялар арқылы келеді. Мысалы, жаңбырлатып суару жүйесі өнімділікті арттырып, тұрақты табыс алуға мүмкіндік береді. Бірақ мұндай технологияларды енгізу үшін қомақты қаражат керек. Оны кез келген адам ала алмайды.
Сондықтан қаржыландыру көлемін арттыру қажет. Қазір бір триллион теңге бөлініп жатыр деп айтылып жүр, бірақ оның өзі жеткіліксіз. Әрине, бюджеттен шексіз қаржы бөле беруге болмайды. Бірақ қолда бар ресурсты тиімді пайдалану маңызды. Мысалы, жеңілдетілген несиелерді жыл сайын қайта-қайта алып жүрген ірі шаруашылықтарды бұл бағдарламалардан біртіндеп шығару қажет. Өйткені олар арзан несиені алып, кей жағдайда оны ауыл шаруашылығына емес, басқа салаларға, мысалы құрылысқа бағыттап жатады.
Сондықтан мұндай шаруашылықтарды қолдау бағдарламаларынан шығарып, оның орнына шағын және енді ғана жұмысын бастап жатқан шаруашылықтарға мүмкіндік беру керек. Яғни жаңа бастаған кәсіпкерлердің қаржыға қолжетімділігін арттыру қажет. Қазіргі негізгі мәселенің бірі де осы, қаржыға қолжетімділіктің шектеулі болуы. Осыған байланысты біз агробанк құру мәселесін үнемі көтеріп келеміз. Агробанк – ауыл шаруашылығын жүйелі түрде қаржыландыруға арналған нақты құрал болуы тиіс. Бұл біздің ұстанымымыздың маңызды бағыттарының бірі.
– Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу деңгейі неге әлі де төмен? Әлі күнге дейін азық-түлік қауіпсіздігін неге қамти алмай отырмыз?
– Иә, бұл мәселе расымен өзекті. Өңдеу деңгейі төмен, оның бірнеше нақты себебі бар. Мысалы, ет саласын алайық. Бізде әлі күнге дейін мал сою көп жағдайда аулада, есік алдында жүзеге асады. Кез келген елді мекенге барсаңыз, адамдар малды үйінің жанында соя салады. Заң бойынша оған тыйым бар, бірақ іс жүзінде ол талап толық орындалып жатқан жоқ.
Негізі бізде арнайы ет комбинаттары бар, бірінші деңгейлі ірі кәсіпорындар салынған. Сонымен қатар екінші деңгейлі сою бекеттері де ұйымдастырылған. Бірақ соған қарамастан, үшінші деңгейдегі так называемые «сою алаңдары» әлі де жұмыс істеп тұр. Ал шын мәнінде мұндай алаңдар заңсыз деуге болады. Өйткені ол жерлерде ешқандай технология сақталмайды, ветеринарлық бақылау жоқ, санитарлық талаптар орындалмайды. Малдың ішек-қарны сол жерде шашылып жатады. Кейде малды бір аяғынан іліп қойып, қарапайым жағдайда соя салады. Мұндай жерлерде өндірістік талап жоқ.
Енді ойлап қараңыз, біз арнайы ет комбинаттарын салып қойдық, олар тұрақты жұмыс істеуі керек. Бірақ халық малды түгелдей дерлік өз ауласында сойып жатса, ол комбинаттарға клиент қайдан келеді? Әрине, келмейді. Соның салдарынан ол кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемей, бос тұрып жатыр. Бұл – өңдеу саласының дамымай отырғанының нақты бір мысалы. Енді өсімдік шаруашылығына келсек, мұнда да ұқсас жағдай. Мысалы, бақша дақылдарын алайық. Сол өнімдерді өңдейтін кооперативтер, сақтау қоймалары жеткілікті деңгейде дамымаған.
Қазіргі қоймалардың басым бөлігі жекеменшік. Жекеменшік болған соң, әркім өз бағасын қояды. Ал ол баға шаруалар үшін тиімсіз. Соның салдарынан шаруалар өнімін тікелей егістіктен базарға жібереді. Ал базарға жеткенше делдалдар араласады, олар арзанға сатып алып, үстінен пайда көреді. Нәтижесінде өнім қоймаға жиналмайды, тұрақты шикізат қоры қалыптаспайды.
Егер қоймаларда тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімі жиналып тұрмаса, қайта өңдеу қалай дамиды? Бұл жерде жүйе жоқ. Әрине, мүлде жұмыс жоқ деп айтуға болмайды. Қайта өңдеу бағытында белгілі бір жобалар бар, кейбір азық-түлік өнімдерін өңдеу қолға алынып жатыр. Бірақ оның көлемі өте аз.
Басты мәселе – біз әлі толыққанды кластер қалыптастыра алмадық.
Негізі қалай болу керек? Шикізат өндіруші мен қайта өңдеуші арасында тұрақты байланыс болуы тиіс. Ол үшін кооперативтік немесе кластерлік жүйе қажет. Мысалы, қайта өңдеу зауытының иесі бір ғана адам болмауы керек. Оның құрамында шикізат өндірушілердің өзі болуы тиіс. Францияны алайық, қант қызылшасын өңдейтін зауыттың иесі бір адам емес, мыңдаған фермер. Олар сол зауыттың акционері. Сол арқылы шикізат та тұрақты, өндіріс те тұрақты. Ал бізде бұл жүйе жоқ.
Сондықтан бізде қайта өңдеуді дамыту үшін бірнеше бағытта жұмыс істеу керек:
– не кооперативтік жүйеге көшу,
– не шикізат өндірушілерді қайта өңдеу кәсіпорындарының акционері ету,
– немесе кластерлік модель арқылы ұзақ мерзімді келісімшарттар орнату.
Тағы бір үлкен мәселе, қаржы. Қайта өңдеу кәсіпорындарында айналым қаражаты жетіспейді. Оларды қосылған құн салығынан босату керек. Сонымен қатар нөл пайызбен айналым қаражатын беру қажет. Өйткені қайта өңдеуші кәсіпорын шикізатты сатып алу үшін ақша табуы керек. Ал қазіргі жағдайда олар қымбат несие ала алмайды. Сол себепті олардың қолында үнемі қолжетімді, арзан қаржы болуы тиіс. Сонда ғана қайта өңдеу саласы нақты дами бастайды.
– Жерді тиімді пайдалану үшін қандай нақты талаптар мен бақылау тетіктерін енгізу керек деп ойлайсыз?
– Жерді тиімді пайдалану үшін ең алдымен топырақтың сапасын қадағалауымыз керек. Бұл – негізгі мәселенің бірі. Қазір мен басқа депутаттармен бірге арнайы жұмыс тобының құрамында топырақ сапасын сақтау және қорғау туралы заң жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Оның негізгі мақсаты – жерді пайдаланушылар жерді алған кездегі сапасын төмендетіп алмауы тиіс. Керісінше, оны жақсарту керек, күшейту керек. Өйткені кейбір жағдайларда жерді алып, тек пайдасын көріп, бірақ оған ешқандай инвестиция салмайтындар бар. Жердің құнарын ойламайды, топырақтың жағдайына мән бермейді. Ал бұл ертең үлкен мәселеге айналады. Сондықтан осы заң жобасы арқылы нақты талаптар қойылып отыр. Мысалы, әр бес-жеті жыл сайын мемлекет жердің сапасын тексеріп отырады. Жердің сапасына қатысты арнайы «паспорт» енгізіледі.
Егер келесі тексеріс кезінде жердің сапасы нашарлап кеткені анықталса, онда жер пайдаланушы ол жерді мемлекетке қайтаруға міндетті болады. Ал егер керісінше, жердің сапасын жақсартса, онда ол сол жерді 49 жылға дейін пайдалана алады. Яғни бұл жерде басты мақсат – жердің сапасын нақты жақсарту. Топыраққа деген көзқарасты өзгерту. Сондықтан топырақты қорғау туралы заң жобасы осы бағытта әзірленіп отыр. Қазір сол құжатпен жұмыс жүріп жатыр, жақын арада бірінші оқылымға шығарылады деп жоспарланып отыр.
Иә, бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар. Оны мен бұған дейін де айтқанмын. Қазір көптеген шаруашылықтар сатылымға қойылып жатыр. Кез келген сауда алаңдарын немесе интернет-порталдарды ашып қарасаңыз, сатылып жатқан шаруашылықтар өте көп. Бірақ мәселе – оны сатып алатын адамдар аз. Мысалы, жүз шаруашылық сатылымға шықса, соның жиырмасы ғана сатылады, ал қалған сексені бос қалады. Бұл дегеніміз – сол шаруашылықтардың малы сатылады, техникасы бөлшектенеді, ал инфрақұрылымы мен жері қаңырап бос қалады деген сөз. Бұл – өте үлкен проблема.
Сондықтан менің ұсынысым – сатылатын шаруашылықтарға арнайы лизингтік бағдарлама енгізу қажет. Мәселен, көрші ауылда 200 гектар жері бар дайын шаруашылық сатылып жатыр делік. Мен оны алғым келеді, бірақ қолымда бірден төлейтін қаражат жоқ. Ал қазіргі жүйеде ондай шаруашылықтар тек тікелей ақшаға ғана сатылады. Осындай жағдайда мемлекет араласуы керек. «ҚазАгроҚаржы» сияқты мемлекеттік компания арнайы лизингтік бағдарлама жасауы қажет. Олар келіп, сатушыға ақшасын толық төлеп, шаруашылықты толық күйінде сақтап алуы керек. Яғни малын жоймай, техникасын таратпай, инфрақұрылымын бұзбай, бәрін тұтас сақтап, дайын шаруашылық ретінде лизингке беруі тиіс. Содан кейін оны 20-30 жылға жаңа кәсіп бастағысы келетін адамға береді. Сонда жастарға, жаңа бастайтын адамдарға нақты мүмкіндік ашылады. Біреу бизнесті тоқтатса, оның орнын екінші адам жалғастырады. Өкінішке қарай, бұл ұсыныс әзірге қолдау таппай жатыр. Бірақ мұндай тетіктерді енгізу қажет деп есептеймін.
– Алдағы жылдары агроөнеркәсіп саласында қандай негізгі қауіптер бар және фермерлер оған қалай дайындалуы тиіс?
– Агроөнеркәсіп кешеніндегі ең үлкен қауіптердің бірі – жердің тозуы. Мысалы, қазір жердің едәуір бөлігі сапасын жоғалтып бара жатыр. Жайылымдарға келсек, көпжылдық шөптер уақытылы егілмейді. Негізі оларды жүйелі түрде жаңартып, егіп отыру керек. Сонымен қатар жайылымдарды тиімді пайдалану ареалы да тарылып бара жатыр.
Екінші үлкен мәселе – су тапшылығы. Егістік алқаптардың өзіне су жетіспейді. Сондықтан бізге міндетті түрде жаңбырлатып және тамшылатып суару технологияларын кеңінен енгізу қажет. Өйткені дәстүрлі әдістермен бұл мәселені шешу қиын. Оған қоса өзен-көлдердегі су көлемінің азаюы да әсер етіп отыр. Бұл – алдағы уақытта одан әрі ушығуы мүмкін мәселе.
Тағы бір маңызды қауіп – кадр тапшылығы. Бұл да өте өзекті проблема. Қазір ауылдардан адамдар көшіп жатыр, ауылдар босап барады. Ертең қарапайым жұмысшы табудың өзі қиын болуы мүмкін. Әрине, қазіргі таңда технология дамып жатыр. Жасанды интеллектке негізделген, өздігінен жұмыс істейтін техникалар көбейіп келеді. Бұл белгілі бір деңгейде мәселені жеңілдетеді. Бірақ соған қарамастан, адам факторы толық жойылмайды. Сондықтан кадр мәселесі әлі де өзекті болып қала береді. Жалпы алғанда, жердің тозуы, су тапшылығы және кадр жетіспеушілігі – агроөнеркәсіп кешенінің негізгі тәуекелдері деп айтуға болады.
– Жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша атқарылған жұмыстар шаш-етектен екенін көріп отырмыз. Алайда, бұл процесс жерді әділ бөлу мен оны тиімді пайдалануға қаншалықты әсер етеді?
– Иә, қазір жерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ мәселе тек жерді қайтарып алумен шектелмеуі керек. Ең маңыздысы – сол жерді қайтадан тиімді игеру. Ол үшін жерді беру, алу процестері жеңіл әрі қолжетімді болуы қажет.
Президенттің тапсырмасы бойынша қазір жерді жалға беру процедуралары цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Бұрын бәрі қағаз жүзінде болса, енді электрондық жүйеге өтіп жатыр. Бұл – өте маңызды әрі дұрыс қадам. Қазір осы бағытта заң жобасы да дайындалып жатыр, біз сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Егер ол қабылданса, бұрынғыдай комиссиялар болмайды, барлық процесс толық электрондық форматта өтеді.
Негізі біз қаладағы жерлер бойынша бұл тәжірибені көріп отырмыз. Соңғы жылдары қаладағы жер беру рәсімдері толық цифрлық форматқа көшті. Соның арқасында процесс жылдам, ашық әрі әділ бола бастады. Егер ауыл шаруашылығы жерлерін беру де дәл осындай форматқа өтсе, онда бұл саладағы көптеген мәселе өздігінен шешілер еді деп ойлаймын.
Тағы бір маңызды мәселе – мемлекетке қайтарылған жерлерді қайта бөлу. Бұл процесті де сол цифрлық жүйе арқылы жүргізу қажет. Сонда ашықтық та, әділдік те қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар талаптарды да белгілі бір деңгейде жеңілдету керек деп есептеймін. Мысалы, мен бұған дейін де айтқанмын, 25 жасқа толған әрбір қазақстандыққа ешқандай конкурссыз, күрделі іріктеусіз жер алу мүмкіндігін беру керек. Яғни адам өзі барып, бос жатқан жерді таңдап, соны алуға құқығы болуы тиіс.
Әрине, он адамның тоғызы «ауылға бармаймын» деуі мүмкін. Бірақ сол он адамның біреуі ойланып көреді. «Мемлекет маған жер беріп отыр, енді соны игеріп көрейін» деген ниет пайда болуы мүмкін. Мүмкін ол бір жерден қаржы табар, инвестор тартар, несие алар, бірақ ең бастысы, бастауға мүмкіндік болады. Сондықтан бізге ең керегі – адамдарға мүмкіндік беру. Қалғанын нарықтың өзі реттейді.
– Әңгімеңізге рахмет!