$ 475.31
 555.54
 6.05

«Ешқандай қолдау жоқ»: Журналист Ақбаян Мұқанғалиеваның қазіргі жағдайы туралы айтты

Редактор
09.04.2026, 12:34
Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден
Журналист әйелдерге үндеу жасап, ең алдымен өз бақыты мен жағдайын бірінші орынға қою қажеттігін айтты.

Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде Атырауда болған қанды оқиғаға қатысты пікір білдіріп, Ақбаян Мұқанғалиева мен оның жолдасы Сұлтан Сәрсемалиев туралы айтты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Оның сөзінше, Ақбаянның қазіргі психологиялық жағдайын босанғаннан кейінгі депрессиямен байланыстыруға болады. Осыған орай журналист қоғамдағы әйелдердің ахуалына алаңдаушылық білдірді.

«Ақбаян… бесінші баласын туды, ешқандай қолдау жоқ, күйеуі анау. Босанғаннан кейінгі депрессияны ешкім түсінбейді, “жын кірді” деп анда апарып, мында апарып, Индонезиядан бір-ақ шықты. Одан келіп өз ата-анасын, туғандарын өлтірді деген күдікке ілініп, “ауытқу” деп жындыханадан бір-ақ шықты. Балаларын Құдай сақтасын», – деп жазды ол.

Сондай-ақ журналист бұл мәселенің қоғамда жиі кездесетінін атап өтіп, көптеген әйел дәл осындай қиын кезеңді бастан кешіретінін жеткізді.

«Босанғаннан кейінгі депрессия деп баса айтып отырғаным – маған хат жазған көп әйел осы кезеңде қолдау болмаған соң ажал құшты. Ессіз күйде көшеге шығып, емшектегі балаларын тастап, үй-жайын, бала-шағасын ұмытып, талай әйел із-түссіз жоғалып кетті. Шолпан сол күйі табылмады, Ардақ жоқ болды, Шынар жындыханаға түсті… айта берсең көп. Ал күйеулері еш уайымсыз 5-6 баланы тастап, жас әйел алып алған», – деді ол.

Журналист әйелдерге үндеу жасап, ең алдымен өз бақыты мен жағдайын бірінші орынға қою қажеттігін айтты.

«Сондықтан, қыздар, айналайын әйелдер! Күйеуді бақытты қыламын деп бала тумаңыздар, өзім бақытты боламын деп өмір сүріңіздер! Бақытты әйелдің жанында бақытты отбасы бар», – деп түйіндеді ол.