Үкіметте жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру рәсімін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Кеңес барысында ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куәлігін алу үдерісінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, азаматтар үшін қолайлылықты арттыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және жүргізушілерді даярлау сапасын күшейтуге бағытталған нақты шаралар қаралып, бекітілді.
Біріншіден, енгізілетін жаңашылдықтарға сәйкес азаматтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды ақылы негізде, әрекеттер арасындағы аралықты кемінде 10 күнтізбелік күн сақтай отырып, шектеусіз тапсыра алады.
"Айта кету керек, қазіргі уақытта азаматтарға 3 тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі мүмкіндік – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Аталған мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін, бұл жекелеген жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін жағдайлар туғызатын", - деп жазылған хабарламада.
Екінші шара ретінде академиялық адалдықты қамтамасыз ету технологиялары сынақтан өткізіліп, кейін бұл технологияларды жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың бүкіл жүйесінде қолдану жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы теориялық емтихан тестілеріне кешенді психометриялық зерттеулер жүргізеді. Бұл зерттеулер олардың көлік құралын қауіпсіз басқаруға қажетті білімді, білік пен дағдыларды шынайы бағалау құралы ретінде жарамдылығын растауға бағытталады.
Үшінші және төртінші шаралар аясында емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Бұл тыйым салынған техникалық құралдарды пайдалану тәуекелін азайтып, бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді.
Бесінші шара ретінде жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін барынша күшейту көзделеді. Осы мақсатта оларды ақпараттандырудың аса маңызды объектілері тізбесіне енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.