Аймақ

Елді дүрліктірген оқиға: жоғалған отбасындағы екінші қыз видеоға түсіп қалған

13:13, 07 қаңтар 2026 145

Күні кеше Атырауда жоғалып кеткен отбасының әкесі мен анасы өлі күйінде табылғанын жазған едік. КТК тілшілері олар тұрған Жангелдин ауылына барып, марқұмдардың туыстарымен және көршілерімен тілдесті. Одан бөлек, арна тілшісі отбасының екінші қызы Индер қаласында бейнекамераға түсіп қалғанын жеткізді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz 

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар ауыл маңын тінтіп, айналадағы өзен-көлді де сүзіп шыққан. Сондай-ақ үйдің малын белгісіз сатушы еш саудаласпай, қалаған бағасына бере салғаны да белгілі болған. Түскен ақша жоғалғандардың бірі әрі үй иесі Мақсот Мұқанғалиевтың есепшотына аударылып отырған.

"Бұл кісілер ешкімге зияны жоқ, адал еңбегімен, малымен, зейнетақысымен күн көріп отырған. Екі баласы да зейнетақы алады, екеуінің де аяғы кем. Өзімен-өзі жүрген адамдар ғой. Аяқ астынан осындай төтенше жағдай болды. Түптеп келгенде, ешкім білмей қалды, көршілері де білмей қалып тұр. Кеше ғана 25-і күні арыз бергенді біліп тұрмыз. Ешкім ештеңе білмейді", - дейді көршісі Үсен Жолдасұлы.

Қаңырап бос қалған шаңырақты қараша айынан бері көршілері қарауылдап жүрген. Қазір бір хабар күтіп алаңдаған ағайын-туысы жүр. Жоғалған үй иесінің інісі Шалқар Мұқанғалиев қаладан келіп, ауылдағы жағдайды бақылауға алған. Айтуынша, бауырының баласы Наурыз Мұқанғалиевтің атынан белгісіз біреу 20 шақты ұсақ мал мен екі ірі қараны сатып үлгерген. Тіпті бағасын да қоймаған. Алайда барлық адаммен тек жазба арқылы сөйлесіпті.

"Неге іздемейді деп жазып жатыр ғой. Оның іздемеуіміздің себебі - Наурыздың бізбен мессенджер арқылы байланысқа шығып отырғаны. СМС-хат жолдап отырды. "Анамыз ауырып қалды, сол үшін малды сатып жатырмыз", - деп. Ауыл азаматтарына шыққан, мал алады-ау деген өзіміздің ауылдың, көрші ауылдың адамдарына шыққан, бірақ ешкімге аудио жазбаған, бейнеқоңырау шалмаған, тек мәтін жазған. "Үйде осындай мал бар, өзің қалаған бағаңа ал, маған ақша керек", - деп", - дейді туысы Шалқар Мұқанғалиев.

Ал жоғалған үй иесінің осы ауылда тұратын қарындасы Фарузат Кенжеғалиева малды жаппай сата бастағанда ғана "секем алдым" дейді. Сөйтіп бауырын іздей бастаған.

"Бұл үйде жеңгем алыс жолға барса, ағам үйде қалады. Ағам ешқашан бұл үйді тастап кетпейді. Ол мал-жанын тастамайтын адам. Кетіп бара жатса да, айтып кетеді. Менің бар білетінім, желтоқсанның 14-інен бастап қозғалдым. Бұл не себептен мал сатып жатыр? Бұл үйде неге көшіп жатыр? Бара-бара, үйді сата ма деген оймен қимылдадым. Оған дейін білген жоқпын. Наурыз деген баласы "мен алып кеттім, емдетіп жатырмын" деп, туған қарындасы Әдеміге айтқан", - дейді отағасының қарындасы Фаризат Кенжеғалиева.

Тәртіп сақшылары 5 қараша күні Жангелдин ауылынан тек отбасының қыз-күйеуі және үйдегі қызы Мейрамгүл Қарабалиева ғана таксимен қалаға шығып кеткенін айтқан. Олар Индер ауданындағы жанармай бекетіндегі бейнекамераға түсіп қалған.

Полициямен бірге төтенше жағдай қызметкерлері де бірнеше күннен бері ауылда тінту, іздеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бүгін елді мекен іргесіндегі шағын көлге сүңгуірлер түсті. Сондай-ақ төтеншеліктер су асты дронын да жіберген.

"Іздестіруде Шадымантүбек, Қарасу, Бесмола, Бірмола учаскелері, тағы да басқа жерлер қаралды. Радиусы шамамен 20 шақырымдай жерлер. Сондай-ақ бүгінде полиция департаментінің нұсқауымен Қарасу аумағы қаралып жатыр. Бұл жерде қазір сүңгуірлер және де су асты дроны жұмылдырылған", - деп жағдайды баяндады Атырау облысы ТЖД басқармасының бастығы Жантөре Демешов.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз