Полицияның мәліметінше, дәрігер мен медбике түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. Күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Белгілі болғандай, 12 сәуір күні Екібастұз қаласындағы травматологиялық пунктке жергілікті тұрғын медициналық көмек алуға жүгінген. Онымен бірге ішімдікке сылқия тойып алған екі досы келген. Олар өздерін агрессивті ұстап, медицина қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ аспаған.
Бөлмеден шығудан бас тартқан олар дәрігерге жұдырық жұмсаған. Араша түспек болған медбике де соққыға жығылып, дене жарақатын алған. Қазіргі уақытта зардап шеккен екі медицина қызметкері де алған жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды, — деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.
Дәрігерлерді соққыға жыққан үш дос ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.