Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында телеарналар тарапынан болған жағдайға қатысты ашық пікір білдіріп, наразылығын жеткізді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, 2025–2026 жылдары оны екі ірі арна — «Ұлттық арна» мен «Хабар» телеарналары эфирден алып тастаған.
«Алмас Кишкенбаевтың “қара тізімде” жүргені туралы жазды ғой. Ал мен болсам, ол туралы жар салғым келмеді. Әсіресе осы 2025–2026 жылы мені екі үлкен арнадан алып тастап жатыр — Ұлттық арна және Хабар. Жақсы, мен жас әнші емеспін, жастар шықсын деп қиналмадым. Бірақ шыдамның да шегі бар», – деп жазды әнші.
Оның айтуынша, «Хабар» телеарнасы арнайы шақыртып, бірнеше әнін кәсіби деңгейде түсіргенімен, дайын материал эфирге шықпай қалған.
«Хабар Алматыдан шақыртып алып, бес әнімді сегіз-тоғыз оператор түсірді. Қанша адамның еңбегі, уақыты, энергиясы кетті. Содан соң зым-зия жоқ — көрсетпеді. Жыл соңында “Таңшолпан” түсірді, оны да бермеді», – дейді ол.
Сонымен қатар, жүргізушілерге бірнеше рет хабарласқанымен, нақты жауап ала алмағанын да атап өтті.
«Ауыр келетіні — арнайы шақырып, түсіріп алады да, эфирден бермейді. Қанша адамның уақытын, еңбегін алып, үкіметтің электроэнергиясын жұмсап, неге шақырасыңдар? Егер эфирден беруге батылдарың жетпесе, шақырмаңдар», – деп жазды өнер иесі.
Әнші оқырмандарына алғысын білдіріп, қандай жағдай болса да, халықтың қолдауы өзіне үлкен демеу екенін айтты.