Белгілі актер Алмат Сақатов Қазақстанда бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыны отбасының әлеуметтік жағдайына қарай саралау туралы бастамаға қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Өнер иесі әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыларға жәрдемақыны азайту мүмкіндігі туралы ақпаратқа алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, әйелдің табысы немесе күйеуінің жұмыс істеуі бала тууына байланысты төленетін мемлекеттік қолдауды азайтуға негіз болмауы тиіс.
«Мен маман емеспін, әрине. Бірақ қазір бір заң қарастырылып жатыр екен. Яғни жағдайы бар әйел бала туса, оған жәрдемақы аз беріледі, ал жағдайы төмен әйелге көбірек төленеді дейді. Айналайындар, күндіз-түні жұмыс істеп, жағдайын жасаған әйелдің қандай кінәсі бар? Немесе күйеуі жұмыс істесе, оның не кінәсі бар? Жағдайы бар әйел де, жағдайы жоқ әйел де тоғыз ай көтеріп, толғақпен қиналып барып бала туады. Әр баланың өз несібесі бар», – деді актер.
Алмат Сақатов елімізде демографиялық өсімді қолдау маңызды екенін айтып, бала дүниеге әкелген аналарға әлеуметтік жағдайына қарамастан қолдау көрсетілуі керек деген пікірін жеткізді.
«Олар Қазақстан халқының санын көбейтіп жатыр. Бір жағынан “халық санын көбейтіңдер” дейсіңдер, екінші жағынан істеп отырған тірліктерің мынау. Бұл – миға сыймайтын нәрсе», – деді өнер иесі.
Осылайша, актер жәрдемақы төлеуде отбасылардың табысына қарай айырмашылық жасауды құптамайтынын білдірді.
Айта кетейік, Алмат Сақатов сөз еткен өзгерістердің нақты қандай төлемдерге қатысты екені және олардың заңнамалық мәртебесі әзірге нақтыланбаған. Сондықтан актердің мәлімдемесін жәрдемақы төлеу тәртібі өзгерді деген ресми ақпарат ретінде қабылдауға болмайды.