Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарамұрт ауылында көпбалалы отбасында қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
Төрт баланың анасы 45 жастағы Дилара күйеуінің қолынан ажал құшты.
"Сіңлім төрт қыздың кенжесі еді. Сондай бір мейірбан, адамға жамандығы жоқ болатын. Бес уақыт намазын қаза етпеген адам. Төртінші баласы небәрі 3 жасар, мүгедек, бірін біріне жамап, қайтсем бала-шағамды бағам деп жүрді", - дейді марқұмның әпкесі Махаббат Мирхадиева.
Күйеуі жұмыс істемеген. Балаларына алған әлеуметтік көмекке күн көрген. Отбасындағы үш баласы құранды жатқа айтады. Мектептегі үлгерімдері жақсы, тәрбиелі.
Оқиғаны кім көрген
Марқұм Диляраның туған ағасы Мирзарахим Мирхадиевке таңғы сағат алтыда үлкен ағасы хабарласып, қарындасының үйіне тез жетуін сұраған.
"Тыныштық па деп едім, "тыныштық емес" деді. Жиенім таңертең тұрып, мектепке барайын деген. Сол кезде анасы, яғни менің қарындасым далада құлап жатқан. Тұрғызбақ болады, бірақ шамасы жетпей, інісін шақырады. Ол көршілерді шақырған. Көршілер келіп қараған. Бірақ ол кезде қарындасымның денесі суымаған", - дейді ағасы.
Ер адам өзіне қол жұмсаған
Марқұмның туыстары әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады дейді.
"Жалаңаш жатыр деп жазыпты. Ондай болмаған. Киіммен жатқан. Содан көршілер күйеу баланы іздеген. Телефонына қоңырау шалса, әжетхана жақтан дыбыс шыққан. Баласы барып қараса, күйеу бала өзіне қол жұмсапты. Телефоны мен 15 мың теңгені қойып кетіпті", - деді марқұм әйелдің ағасы Мирзарахим Мирхадиев.
Балға басын тесіп кеткен
Ағасының айтуынша, әйелді балталап өлтірмеген. Басынан балғамен ұрған.
"Көп жалған ақпарат тарап жатыр. Балтамен емес, балғамен екі рет ұрған, біреуі басын тесіп кеткен. Денесінде басқа да жарақаттар болды. Күйеу балам еш жерде тұрақты жұмыс істемеген. Отбасында ылғи кикілжің болған", - дейді Мирзарахим Мирхадиев.
"Қарындасыңды да, өзімді де өлтіремін..."
Ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, әйел ағасына шағымданған. Ол күйеу баласымен сөйлескен.
"Ақша тап дей береді, маза жоқ. Өйте берсе, қарындасыңды да өлтіремін, өзім де өлемін" деп үлкен ағама айтыпты. Ағам басу айтып, сабырға шақырған. Күйеу балам бұрын ішкен, қазір арақ ішпейді. Бірақ тұрақты жұмысы болмаған", - деді марқұм Дилараның бауыры.
Ер адам өлер алдында жазба қалдырып кеткен.
"Сол ауылдың группасына "ауыл тұрғындары, мен өз әйеліме қол жұмсадым. Себебі әйелім көзіме шөп салды. Әйеліме ақ машина келеді" деп жазып кеткен",- деді Дилараның ағасы.
Марқұм әйелдің әпкесі Дилараға жала жапты дейді.
"Есіктен аттап шығып, тіпті біздің үйге де келмейтін. Бала-шағасының, күйеуінің ғана қамын ойлаған адам. Әлеуметтік желіде қаншама жалған ақпарат тарап жатыр. Біздің қайғымызға қайғы жамаған адамдарға қатты назалымыз", - дейді әпкесі Махаббат Мирхадиева.
Отбасындағы қайғылы жағдайдың салдарынан 4 бала жетім қалды, оның біреуі мүгедек.
Қазіргі уақытта Дилараның бауырлары жиендерін жетімдер үйіне өткізбей, өз бауырына салу үшін құжат жинап жатыр.