$ 464.86
 544.03
 6.14

Балалар контенті – мінез бен ойлаудың айнасы: психолог Серікгүл Сали цифрлық дәуір қауіптері туралы атады

Редактор
04.03.2026, 13:31
Видеодан алынған скрин
Видеодан алынған скрин
Егер контентте агрессия, жауапсыздық немесе теріс мінез-құлық үлгілері көрсетілсе, бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан сапасыз, мәнсіз немесе зиянды контент баланың тұлғалық дамуына кері әсер етеді.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы балалардың ақпаратты қабылдауына, ойлау жүйесіне және мінез-құлқына тікелей әсер етіп отыр. Осыған байланысты балалар контентінің сапасы, шығармашылық дамудың маңызы және ата-аналардың рөлі туралы психолог-психотерапевт Серікгүл Салимен сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі цифрлық дәуірде балалар контентінің сапасы мен мазмұны баланың ойлау жүйесі мен мінез-құлқына қалай әсер етеді? Қандай қауіптер бар?

– Балаларға арналған кез келген контент олардың ойлау жүйесі мен мінез-құлқына тікелей ықпал етеді. Себебі бала көргенін қайталауға бейім. Бұл қасиет ересектерде де бар, алайда бала кезде әлдеқайда күштірек байқалады. Бала көріп отырған дүниенің мазмұнын талдап, «жақсы» немесе «жаман» деп саралап үлгермейді. Ол оны бейсаналы түрде қабылдап, іс-әрекетінде қайталайды.

Сондықтан балалар көретін контенттің ішінде тәрбиелік мән, терең құндылықтар, ұлттық және адамгершілік ұстанымдар болуы аса маңызды. Себебі бала еліктеу арқылы өседі. Ол міндетті түрде өзіне бір образ таңдап, соған ұқсауға тырысады. Ал сол образдың ішкі мазмұны – мінезі, ниеті, әрекеті балаға тікелей «жұғады».

Қауіптің негізгісі де осында. Егер контентте агрессия, жауапсыздық немесе теріс мінез-құлық үлгілері көрсетілсе, бала оны қалыпты жағдай ретінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан сапасыз, мәнсіз немесе зиянды контент баланың тұлғалық дамуына кері әсер етеді.

– Ал балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін дамыту олардың психологиялық саулығына қалай әсер етеді?

– Баланың психологиялық саулығы оның дамуына тікелей байланысты. Бұл жерде ең негізгі құралдардың бірі – кітап оқу. Кітап баланың ой-өрісін кеңейтеді, ішкі дүниесін қалыптастырады, моральдық құндылықтарды орнықтырады. Кітап арқылы бала «не болады, не болмайды» деген ұғымдарды дұрыс түсінеді. Бұл оның ішкі тұрақтылығын қалыптастырып, психологиялық тұрғыда сау тұлға болып өсуіне ықпал етеді.

Сонымен қатар логикалық ойлауды дамытатын қарапайым математика да маңызды. Математикалық есептерді шешу барысында баланың миында нейрондық байланыстар қалыптасады. Бұл кейін өмірдегі күрделі жағдайларды шешуге көмектеседі, стресс кезінде дұрыс шешім қабылдау қабілетін арттырады.

Музыка да баланың дамуына ерекше әсер етеді. Музыкамен айналысқан бала эмоцияларды сезінуді, ажыратуды және оларды дұрыс қабылдауды үйренеді. Бұл – психологиялық тұрақтылықтың маңызды элементі.

Тағы бір маңызды фактор – қарым-қатынас. Қазіргі балалар арасында жалғыздық сезімі жиі кездеседі. Сондықтан балаға адамдармен араласуды, достық қарым-қатынас орнатуды үйрету қажет. Бұл оның эмоционалдық және психологиялық саулығын нығайтады.

– Баланың шығармашылыққа қызығушылығын ерте жастан қалыптастыру үшін ата-аналар қандай әдістерді қолдануы керек?

– Ең алдымен, ата-ана баланың қабілетін ерте байқай білуі керек. Баланың бейімі көбіне 3-4 жасында-ақ байқалады. Мысалы, балаға ертегі оқып беріп, кейін оны өз сөзімен айтып беруін сұрауға болады. Осы арқылы оның ойлау ерекшелігін, қиялын, сөйлеу қабілетін аңғаруға болады. Кейбір балалар естігенін дәл жеткізеді, ал енді бірі оған өз қиялын қосып, жаңа мазмұн жасайды. Бұл баланың шығармашылық немесе аналитикалық ойлау бағытын анықтауға көмектеседі.

Сөзге бейім балалар ерте жастан сөйлегіш, байқағыш келеді. Олардан болашақта шешендер, жүргізушілер, блогерлер, ақындар шығуы мүмкін. Сондықтан мұндай балалардың сөздік қорын дамытуға, өлең жаттауға, еркін сөйлеуге мүмкіндік беру керек.

Ал сезімтал немесе қиялы дамыған балаларды өнерге, музыкаға, шығармашылық бағыттарға баулыған тиімді.

– Бұл процесте ата-аналар қандай қателіктерден сақ болуы тиіс?

– Ең үлкен қателік – баланың табиғи қабілетін ескермеу. Кейбір ата-аналар баласын өз қалаған бағытына күштеп бағыттайды. Бұл баланың ішкі қарсылығын тудырып, қызығушылығын төмендетеді.

Екінші қателік – баламен жеткілікті қарым-қатынас жасамау. Бала тек біліммен емес, эмоциялық байланыс арқылы дамиды. Егер бала өзін жалғыз сезінсе, оның психологиялық жағдайы әлсірейді. Сондықтан ата-аналар баланың қабілетін бақылап, қолдап, оған дұрыс бағыт беруі қажет. Ең бастысы, баланы түсіну және оның дамуына жағдай жасау.

– Қазіргідей күрделі қоғамда ата-аналар бала тәрбиесінде нені басты назарда ұстау керек?

– Қазіргі заманда бала тәрбиесі – тек білім беру емес, оның бойында құндылық қалыптастыру. Баланың не көріп, не тыңдап жүргені, кімге еліктейтіні, барлығы маңызды. Сапалы контент, кітап оқу, шығармашылық даму және дұрыс қарым-қатынас – осы төрт бағыт үйлескен жағдайда ғана біз психологиялық тұрғыдан сау, саналы ұрпақ тәрбиелей аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!