Шоу-бизнес әлемі

«Бай болсам өзім-ақ алып берер едім»: Мақпал Жүнісова Баян Алагөзоваға үндеу жасады

09:49, 17 қараша 2025 27

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова композитор Арман Дүйсеновтің жесірі Айсұлу Дүйсенованың баспанасыз жүруі өзіне ауыр тигенін айтып, продюсер Баян Алагөзовадан қолдау сұрады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Әншінің айтуынша, ол бұл мәселені жеке өз деңгейінде шешуге тырысқанымен, қаржылық мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан, Жүнісова Алматы қаласы әкімдігінде қызмет ететін таныстарына да жүгініп, жағдайды реттеудің жолдарын сұрап көрген.

«Мен миллионердің әйелі емеспін, менде артық ақша болмайды. Бай болсам, өзім-ақ алып берер едім. Сондықтан “үй алып беремін” деп айта алмаймын. Бірақ әкімнің өзіне емес, әкімдіктегі жігіттермен ақылдастым. Қазір бұрынғыдай кезексіз пәтер беру заңда жоқ екен, баланста да үй жоқ», – деді ол.

Мақпал Жүнісова кезінде марқұм Заманбек Нұрқаділов өнер адамдарына баспана мәселесінде көп қолдау көрсеткенін еске алды.

Оның айтуынша, бүгінде әкімдіктің мұндай мүмкіндік беретін қоры болмағандықтан, жалғыз үміт – белгілі продюсер Баян Мақсатқызында.

Әнші Арман Дүйсеновтің Баян Алагөзованы қатты құрметтегенін атап өтті. Композитор продюсердің көптеген жобасына ән жазып, өңдеуге дейін көмектескен.

«Сондықтан Баянға ғана сеніп отырмын. Жолдасыңыз екеуіңіз ақылдасып, бір үй алып беріңіздер. Жартылай ақшасын біз жинап берерміз. Өзім екі тойға барып, түскен ақшаны көмек ретінде беремін. Бір пәтер алып берсеңіздер, сіздердің абыройларыңыз одан сайын асқақтайды деп ойлаймын», – деді халық әртісі. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз