$ 473.13
 554.08
 6.13

Астанада өрттен қаза тапқан үш бала жер қойнына тапсырылды

Редактор
14.04.2026, 10:03
Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден
Балалардың топырақтары торқа болсын.

Астанада өрт салдарынан қаза тапқан үш бала жер қойнына тапсырылды. Бұл туралы бапкер Берік Адам әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Ол марқұмдардың бірі – Айзеренің өз тәрбиеленушісі болғанын айтып, отбасының қайғысына ортақтасты.

«Үш баланың үлкені – Айзеренің ЛФК жаттықтырушысы болдым. Отағасы Қабылқазы бауырымызға және барша жақындарына Алла сабырлық берсін. Жанаргүл ханымға Алла шипасын берсін. Біз үшін орны толмас ауыр қайғы. Балалардың топырақтары торқа болсын», – деп жазды ол.

Еске сала кетейік, 12 сәуірде Астананың Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Салдарынан бір әйелді күйік шалған. Сондай-ақ пәтерден үш баланың денесі табылған.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі өрт кезінде кәмелетке толмағандардың денелері табылуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ал Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері пәтердің металл есікпен жабылғанын, екі құлып орнатылғанын, оны құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен бұзып ашқанын айтты.

ТЖД қызметкерлері жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетімен шықты. Өрт толық сөндірілді.

Ал Астана қаласының Денсаулық сақтау департаменті Астанадағы 21 қабатты тұрғын үй кешеніндегі өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы әлі де ауыр екенін мәлім етті.