$ 476.97
 562.59
 6.27

«Арзан атаққа ұмтылатындар көбейді»: Ерболат Сатыбалды мемлекеттік емес марапаттарды заңмен реттеуді ұсынды

Редактор
15.04.2026, 16:35
Фото: parlam.kz
Фото: parlam.kz
Бұл құбылыс тек жеке адамдардың емес, тұтас жүйеге айналып бара жатқан мәселе ретінде бағаланды.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды мемлекеттік емес наградалар мен атақтарды реттеу мәселесін көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Депутат өз сөзінде қоғамда «жалған бедел» мен «арзан атаққа ұмтылу» үрдісі күшейіп бара жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұрын тек тұрмыстық деңгейде көрінген даңғазалық бүгінде қоғамдық және кәсіби ортаға дейін жетіп, түрлі «псевдомарапаттар» тарату қалыпты құбылысқа айналған.

Ерболат Сатыбалды келтірген деректерге сүйенсек, кейбір ұйымдар ақылы негізде «ғасыр адамы», «ұлт ұстазы», «Қазақстанның құрметті азаматы» секілді атақтарды ұсынып, марапат ұғымының мәнін төмендетіп отыр. Бұл құбылыс тек жеке адамдардың емес, тұтас жүйеге айналып бара жатқан мәселе ретінде бағаланды.

Хәкім Абай, қара сөздерінде адамның бойындағы ең қауіпті дерттің бірі – орынсыз мақтан мен жалған беделге ұмтылу екенін айтқан. Адам еңбегімен емес, атағымен көрінгісі келсе – бұл қоғамның әлсіреуінің белгісі. Бүгін біз дәл осы құбылыстың жаңа түрімен бетпе-бет келіп отырмыз. Бүгінде, тойдағы даңғазалықтың шегі болмай тұр. Той иелері есік аттаған құдаларға «үздік құда» деген төсбелгі тағып, қасиетті марапат ұғымын мәнсіз ойыншыққа айналдырып жіберген. Бұл тек тойдың деңгейінде қалса, жақсы ғой! Бірақ дерт қоғамға әсер етіп, өндіріс орыны мен еңбек ұжымдарына жетті. Псевдомарапат мен қолдан жасалған төсбелгілер алу модаға айналды. Алып жатқан кейбір медаль мен төсбелгінің қадірі әлгі «үздік құда» төсбелгісінен де аспайды. Алайда, оған сұраныс бары қынжылтады. Бұл бір қарағанда тек атаққұмар адамдардың әлсіздігі сияқты көрінгенмен, мәселе бұдан әлдеқайда терең.

Өйткені бұл процеске екі жақ та қатысып отыр. Бір жағында — жылтыраққа, арзан атаққа, мақтангершілікке әуес азаматтар. Екінші жағында — сол «марапатты» таратып жүрген қоғам белсенділері, бетке ұстар азаматтар, тіпті өнер мен қоғам қайраткерлері. Яғни, мәселе жеке адамдарда емес — мәселе,  бұл осылай жүйеге айналып бара жатқанында. Кейбір пысықайлар «алтын адам», «ғасыр адамы» атты энциклопедия шығарып, 300 мың теңге төлесең — өзіңді де, ата-бабаңды да «алтын адамдар» қауымына қосып беретін болды. «Қазақстанның құрметті азаматы» «Ұлт ұстазы», «Ғасыр ұстазы», «Қазақстанның қайраткері», «Алаш ұлы», «Ұлы Дала ұлы» «Арда азамат», «Тұлға» тізе берсең — шегі жоқ жалған төсбелгі мен ордендер. Бұл — атақтың, абыройдың, тарихтың ашық саудасы. Ал Мұндайды ұйымдастырып жүргендер — қоғамдағы құндылықтарды жойып жатқан қаскөйлер. Керек десеңіз  — бұлар «ұлт жауы» деген ең ауыр моральдық атаққа  лайық адамдар, - деді ол.

Депутат нақты мысал ретінде 2025 жылдың желтоқсанында «Qazaqstan ardagerleri» қоғамдық бірлестігі тарапынан тарихи тұлға Бауыржан Момышұлы есімімен байланысты марапаттардың табысталғанын атап өтті. Аталған белгілердің сыртқы келбеті мемлекеттік наградаларға ұқсас деп танылып, ұйымдастырушылардың бірі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сауалда негізгі мәселе ретінде қолданыстағы заңнамада «қоғамдық марапат» ұғымының нақты анықталмауы көрсетілді. Соның салдарынан қоғамдық ұйымдардың беретін наградалары құқықтық реттеуден тыс қалып отыр.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді:

– «Мемлекеттік наградалар туралы» заңға «қоғамдық марапат» ұғымын енгізу;

– тарихи тұлғалардың есімдерін және «Құрметті», «Халық», «Батыр», «Даңқ» сияқты жоғары мәртебелі атауларды қолдануға шектеу қою;

– марапаттардың атауы мен дизайнына міндетті геральдикалық және құқықтық сараптама енгізу;

– мемлекеттік наградаларға ұқсас белгілерді таратуға тыйым салып, жауапкершілікті күшейту.

Сөз соңында Ерболат Сатыбалды шынайы еңбектің бағалануы маңызды екенін атап өтіп, қоғамда әділ марапаттау жүйесін қалыптастыру қажеттігін жеткізді